Кесенеде жерленген тарихи тұлғалар мен игі жақсылар

Кесенеде жерленген тарихи тұлғалар мен игі жақсылар
Қазіргі күнге дейін біздің қолымызда Әзірет Сұлтан кесенесінде 235-тен аса адамның нақты жерленгені жайлы деректер бар. Бірақ, біз оларды әбден зерттеп, жан-жақты дәлелдеп барып ғана тізімге енгізуге тиіс екендігімізді түсінеміз. Міне, осы себепті бүгінгі күні 235 адамның аты-жөні тақтаға түсіп отыр.
2015 ж. аталып өткен Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығына орай Халықаралық қазақ-түрік университеті «Қазақ хандары» атты жинақ шығарды. Жинақта белгілі қазақ тарихшылары мен Т.И.Сұлтанов, В.И.Ерофеевалардың еңбектері негізінде анықталған 78 ханның қысқаша өмірбаяны берілген және тек аты ғана белгілі 5 хан енгізілген.
Сол авторлар мен біздің ғалымдардың еңбегіне сүйене отырып Түркістанда қазақтың 22 ханы жерленгені және олардың 14-і осы қаланы өздерінің Ордасы ретінде жариялағаны белгілі болып отыр.
Хандар қаланы негізінен қысқы тұрақтары және ресми билік орталығы ретінде пайдаланған. Тарихтан Әбілмәмбет ханның күзде қалаға қыстау үшін көшіп келген сәті белгілі, бұл құбылыс үлкен мейрамға айналып, бірнеше күн бойы халыққа ас берілген. Көш қалаға кіріп келе жатқанда сырнайлатып-кернейлетіп қарсы алған халыққа мыс ақшалар шашылып отырған, кесенеде әулиелерге, осында жерленген хандарға бағышталып құран оқылған.
Алғаш рет мұнда 1598 ж. Тәуекел хан мен Қайнар-Күшек сұлтан жерленген.
️Қазақ хандарынан Түркістанды астана деп жариялаған Есім хан 1628 ж. осында жерленеді, онан соңғы жерленген 20 ханның ішінен үш жүзге билігі жүргендері Жәңгір, Тәуке, Қайып, Болат, Әбілмәмбет және ұлы ханымыз Абылай болды. Егер қазақ хандарының жалпы санын, жоғарыда айтқандай 78 хан мен аты ғана белгілі 5 ханды қосып, 83-ке жеткізсек Түркістанда қазақ хандарының 25 пайызы жатқан болып шығады. Ал, сұлтандарға келсек әзірге белгілісі 8 адам ғана, егер Абылайдың өзінің 30 ұлы болғанын есепке алсақ олардың нақты санын білу мүмкін емес.
И.В.Ерофееваның анықтауынша қазақ хандары мен сұлтандарының екіден төртке дейін әйелдері болған, ал, кейбіреулерінікі бестен жетіге дейін жеткен. Одан да көп болғандығы жөнінде де деректер бар. Ал, олардан туған балаларының саны да адам таңғаларлық, мысалы, Нұралы ханның 40 ұлы, 34 қызы, ал, Абылай ханның 30 ұлы, 40 қызы, Қайып ханның 30 ұлы, Қарабай сұлтанның 27 ұлы, Айшуақ ханның 16 ұлы, Уәли ханның 14 ұлы, Қаратай ханның 12 ұлы, Бөкей ханның 11 ұлы болған. Ал, жалпы қазақ хандарының қанша ұл-қызы болғандығы бір Аллаға ғана аян, яғни, бұлардың қанша пайызы мұнда жерленгенін білу мүмкін емес.
Қазақ билеріне келетін болсақ Түркістанда жерленген әзірге 25 бидің есімі анықталып отыр. Ғылыми еңбектерде 84 қазақ ру-тайпаларының таңбасы белгілі, алайда негізгі қазақ тайпаларының саны 45 екендігін де білеміз. Олар әрі қарай кішігірім руларға және аталарға бөлініп кетеді, мұның санын дәл анықтау әлі күнге жүріп жатыр. Қазақ хандығы тұсында 45 тайпадан 45 би мемлекеттік мәселелерді шешуге араласты деп есептесек те, әр рудың, әр атаның өз биі болғаны барлығын шатастырады. Бізде жерленген билердің қаншасы тайпа биі болғанын білу де мүмкін емес, бұған олардың әр ғасырда өмір сүргендігін қоссақ ешбір есеп беру мүмкіндігінен айырыламыз. Батырлар да солай, Түркістанда әзірге жерленген 67 батыр есімі анықталып отыр.
Қоқан, Ресей билігі тұсында ел билеген датқалар мен болыстардан небәрі 6 датқа, 4 болыс осында жерленген, Қалғандары діни-рухани, игі жақсылар деген топтарға жатады.
М.Тұяқбаев - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының археолог, т.ғ.к.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 2,4 трлн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда...

Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы жыл сайын өсім көрсетуде. 2023 жылдың қорытындысы бойынша...