Сия сауыт

Сия сауыт
Сия сауыттарды жұқа папирус, пергаменттер пайда болған кезде жасап шығарған. Алғашқыда олар саз балшықтан бертін келе, әртүрлі материалдардан тастан, шыныдан, фарфордан, металдан жасалды.
Музей қорында саз балшықтан жасалған ортағасырлық сия сауыттардың бірнеше түрлері бар. Солардың бірі Жүйнек қаласынан табылған, ІХ-ХІІІғғ. тән сия сауыт. Пішіні шар тәрізді, іші қуыс болып келіп, төбесіне кішкене тесік жасалған. Биіктігі - 6 см. Тесігінің диаметрі - 1,8 см. Бүйірі - 13 см-ге тең. Тесігінің айналасы нақышталып, жиектері бес бұрыш, ішкі жағы үш бұрыш болып әсемделіп, гүл тәрізденген өрнектер қатты затпен оймышталып түсірілген. Сырты пышақ тәрізді өткір затпен кесіліп пішінделген.
Сондай-ақ, формасы конус және қорап түріндегі ХІ-ХІІ ғғ. тән, саз балшықтан жасалған сия сауыттар Қаратөбе-Сауран қазбаларынан да табылған. Өлшемдері бойынша алғашқысының биіктігі - 4,5 см, ернеуінің диаметрі - 9,8 см, түбінің диаметрі - 3,8 см-ге тең болса, қыш қорап тәрізденген сиясауыттың өлшемі 9,5 х 3х 3,5 см шамасында болып келген.
Келесі Ескі Түркістан қаласынан табылған палитра-сиясауыт ХVІІІ-ХІХ ғғ. тән. Биіктігі – 10,5 см, түбінің диаметрі -7,5 см. Пішіні бес кішкентай құмырашаны біріктіріп жасағандай. Ортасына құмыраға ұқсас ыдыс орнатылып, одан төмен төрт жағына пішіндері дәл сондай кішкентай ыдыстар жапсырылған. Ортадағы құмыраға ұқсас ыдыста қамыстан, қоғадан жасалған қаламсаптар салынып айналасындағы ыдыстарға төрт түсті сияны құйып қоятын болған. Сырты сары бояумен боялып үстіне жасыл, қара түсті бояулар өрнек түрінде ағызылып, шыңылтырланған.
Орта ғасырларда барлық жазу-сызу қолмен атқарылған, Құран мен тәфсір, дұғалар, емдік тілектер, ішірткілер барлығы арнайы көшірушілер мен діни қызметкерлердің қолымен жазылған. Жазуға қажетті қалам саптарды кәдімгі қамысты ұзындығын 12–15 см етіп кесіп, бір ұшын (кейде екі ұшын да) қиялай кесіп, үшкірлеп, ортасына металл «пероның» ұшы сияқты етіп екіге жарып жасайтын болған, бұл әріптің жуан сызықты жерлерін түсіргенде жеңілдік беретін болған. Жазу өнерінде қолданатын сияларды да арнайы әзірлейтін болған. Мәселен сұйық майлы зат қосып даярланған сияны пайдаланғанда қате жазып қойған тұста өшіру оңай болған. Египет пен Қытайда сияны май мен күйеден жасап пайдаланған.
Ә.Егеубаева - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қор сақтаушы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді. Мектептерде...