«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қорындағы мемлекеттік есепке алынған 25 000-ға жуық заттай түпнұсқа жәдігерлердің ішінде этнография тобының тек зергерлік қолөнер бұйымдарының өзі 800-дей дананы кұрайды.
Қазақтың қолөнер туындыларынан, әсіресе зергерлік бұйымдар: сырға, шекелік, шашбау, белдік, қапсырма, тана, түйме, алқа, бойтұмар, білезік және жүзік секілді күміс әшекейлердің бірін-бірі қайталамайтын бірнеше түрлері кездеседі. Музей қорындағы күмістен соғылған зергерлік бұйымдардың өзін салыстыра қарағанда Қазақстанның әр өңірінде жасалған әшекейлердің ерекшелігі оның жасалу әдісінен де, әшекейлеу тәсілінен де, көлемінен де әр қилы болып келетінін аңғаруға болады. Мәселен, Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығыс аудандарынан жұмырланып және төрт қырланып соғылатын білезіктер жиі кездессе, солтүстік және Орталық Қазақстанға жұқартыла соғылған жіңішке білезіктер тән. Онтүстік өңірінде кұйма сом білезіктер кең қолданысқа ие болса, батыс пен оңтүстік-батысқа өте көлемді, сырты алтынмен апталған, көзді білезіктер тән.
Оңтүстік Қазақстанның әшекей бұйымдар кешеніне егін шаруашылығымен айналысатын өзбек және тәжік халықтарының мәдениеті әсер етсе, ал Солтүстік пен Шығысқа Еділ бойы татарларының зергерлік өнерлерінің ықпалы аз болмаған. Бірақ, бұл ықпал қазақтардың дәстүрлі мәдени тегінің негізін өзгерте алған жоқ. Қазақ зергерлік бұйымдарының тағы бір ерекшелігі - олардың барлығының дерлік белгілі бір киім үлгісімен астаса байланысты болуы және жас ерекшеліктеріне орайластырылғаны. Әйелдердің әшекейлері әйелдің жасына қарай өзгереді. Суреттерде музей қорындағы зергерлік әшекей бұйымдардың ішінен тек XIX-XX ғасырларда жасалған, бірін-бірі қайталамайтын, Қазақстанның әр аймағында жасалған және әр шебердің өзіндік қолтаңбасын айқындайтын зергерлік әшекей бұйымдарының бірнеше түрлері ғана ұсынылып отыр.
Қ.Нұрахметова - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының экскурсовод.