Еліміздің отын-энергетикалық кешенін цифрландыру

Еліміздің отын-энергетикалық кешенін цифрландыру

2024 жылы 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы әрбір орталық орган үшін экономика салаларын 5 жылға арналған цифрлық трансформациялау карталарын әзірлеуді тапсырды. Соған сәйкес Энергетика министрлігі отын-энергетика кешенінің цифрлық трансформация картасын әзірледі. Карта процестерді негізгі автоматтандырудан бастап жасанды интеллект пен киберқауіпсіздікті қолдануға дейінгі шараларды қамтиды. Жүргізілген жұмыс туралы ОКҚ алаңында ҚР энергетика вице-мминистрі Ілияс Бақытжан айтып берді, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, белсенді трансформация экономика, энергетикалық нарық субъектілеріне ғана емес, мемлекеттік функциялар мен қызметтерге де әсер етеді. Ведомство 12 саладағы саясатты жүргізіп, басқару процесін үйлестіреді – 20 мемлекеттік қызмет, 483 мемлекеттік функция, 9 мемлекеттік бақылау саласы.  

«Біз Энергетика министрлігінің «цифрлық» блогы ретінде трансформация, цифрландыру, бюрократиядан арылу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Энергетика министрлігінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың мониторингі бойынша цифрлық сервис іске асырылды. Осылайша, біз жетекшілік ететін департамент қызметкерлері мен жер қойнауын пайдаланушылар – геологиялық барлау мен өндіру келісімшарт ұстаушылар арасындағы өзара іс-қимылды цифрландыруды қамтамасыз ету процесіндеміз. Келісімшарттар машина арқылы оқылатын цифрландырылған форматқа көшірілді. Өндірістік бағдарламаларды басқару, қазақстандық мамандарды оқыту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру, өңірді әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету жөніндегі келісімдердегі негізгі шарттар автоматты түрде салынады және оларға мониторинг жүргізіледі. Біздің қызметкер жүйе арқылы шарттардың орындалуы немесе бұзылуы туралы хабарламаның автоматтандырылған үлгілерін алады», – деді спикер.

Бұдан бөлек, мұнай өндіру, мұнай өнімдерін өндіру, газ, электр энергиясы мен жылуды есепке алу сынды барлық процесс бойынша энергия ресурстарын есепке алудың зияткерлік жүйелері жоспарлы түрде енгізілуде. Мұнай өнімдерін есепке алудың ақпараттық жүйесі жер қойнауын пайдаланушылар өндіретін мұнайдың 95,8%-ын есепке алуды қамтамасыз етеді. Жүйеге 38 мұнай өндіруші ұйым, 4 мұнай тасымалдаушы және 7 мұнай өңдеуші ұйым қосылған. Сондай-ақ дизель отыны мен бензин сынды әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерінің мұнай өндеу зауытынан жанар-жағармай құю стансаларына дейінгі айналымын қамтамасыз етеді.

Келесі жүйе – тәуекелдерді басқару, мемлекеттік бақылау салаларын цифрландыру. Бес салада барлық бизнес процесс Smart Data Ukimet арқылы автоматтандырылған.

Газбен жабдықтау саласында eGov порталына шығарылған желілерге қосылу үшін техникалық шарттар беру бойынша сервис іске асырылды. Биыл тәжірибелік пайдаланудан өтіп, өнеркәсіптік пайдалануға ауыстырылды.

Электр энергетикасы саласында энергетиканың цифрлық платформасы пысықталуда, ол энергетикалық объектілердегі барлық жабдықтың жұмыс істеуіне мониторингті қамтамасыз ету үшін олардың толық паспортталуын қамтамасыз етеді.

Энергетика министрлігі энергия ресурстарын толық есепке алу, яғни оны өндіру, тарату мен бөлуден бастап тұтынушыға дейін жеткізу міндетін іске асыруды қолға алды. Бұл шығынның қай жерде екенін көру үшін, энергия, жылу мен мұнай балансын автоматтандыруды қамтамасыз ету үшін қажет.

Ол биыл барлық салалық деректі жинау мен өңдеуді қамтамасыз ететін отын-энергетика кешенінің ситуациялық-талдау орталығы құрылатынын атап өтті. Жасанды интеллект элементтерін пайдалану арқасында модельдеу және болжау мәселесі пысықталатын болады. 

«Биыл біз энергоресурстарды бөлу, мұнай жеткізу жоспары, ЖЖМ және сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары бойынша цифрлық сервистерді іске асырамыз. Бұрын бұл процестер субъектілер мен біздің департаменттердің өзара әрекеттесуі арқылы қолдан жүргізілді. Жыл соңына дейін бірнеше қызмет көрсетуді жоспарлап отырмыз», – деді спикер. 

Тағы бір маңызды жоба – атаулы әлеуметтік көмек көрсету процесін цифрландыру. Пилоттық жоба «Қазтрансгазаймақпен» бірлесіп жүргізіледі. Ведомство өкілі халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тарифтер бойынша саралау бар екенін еске салды. Сондықтан ресурспен жабдықтаушы ұйымдардан осы жеңілдігі бар тарифтерді алу процесін автоматтандыруды қамтамасыз ету қажет.

Энергетикалық объектілерді жылыту кезеңіне дайындық Мониторинг жүйесінде паспорттлып, цифрландырылмақ. Егер жазда энергетикалық кәсіпорындарда жөндеу жұмыстарының орындалуына мониторинг жүргізілсе, онда күзден бастап энергия ресурстарының өндірісі мен тұтынылуын онлайн режимде қадағаланатын болады: қаншасы берілді, қаншасы айналымда қалады, су шығыны және басқа көрсеткіштер.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді. Мектептерде...