«Қазақстан – Өзбекстан» бизнес-форумы аясында өткен екіжақты кездесуде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев $4,4 млрд сомасына 34 инвестициялық жобаны және $2,6 млрд-қа 7 сауда келісімін бірлесе жүзеге асыруға келісті. Келісімдер тиісті құжаттар тізімімен бекітілді, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
Инвестициялық жобаларды энергетика, тау-кен өнеркәсібі және геология, көлік, химия өнеркәсібі, құрылыс, электротехника, машина жасау, фармацевтика және басқа да салаларда жүзеге асыру жоспарлануда. Ең көп жоба ауыл шаруашылығы саласында іске асырылмақ.
Тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін бірлесіп өсіру және Қазақстанда астық пен күрішті терең өңдеу, Түркістан облысында жібек өнімдерін өндіру, орау материалдарын шығаратын кәсіпорын құру және басқа да жобаларды жүзеге асыруға келісті. Сондай-ақ Маңғыстау облысы аумағында ІҚМ терілерін қабылдау және өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы шешім қабылданды.
Аталған жобаларды жүзеге асыру екі елдің инвестициялық және сауда әлеуетін тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан мен Өзбекстан басшылары алға қойған – өзара сауда айналымын $10 млрд-қа дейін арттыру мақсатына жетуге жол ашады.