Шымкент қаласында өңірлік технопарк іске қосылды. Жаңадан ашылған «Shymkent Hub» орталығы – «Astana Hub-тың» басқаруындағы 15-ші өңірлік хаб. Технопарктың ашылуына Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев және Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты, деп хабарлайды No-comment.kz ақпарат агенттігі.
Еліміздегі технологиялық кәсіпкерлікті ілгерілетуді көздейтін сала мамандары үшін орталық үлкен мүмкіндік береді. Жиынға жиналған IT саласының мамандары Tolem, Alaqan, Digital cargo мен iUtest сияқты еліміздің ірі IT- стартаптарының көрмесін ұйымдастырған. Сонымен қатар, TechOrda бағдарламасы шеңберінде IT-компаниялар, робототехника мектебі мен жеке IT-мектептер және Шымкент қаласындағы инновациялық жобалардың жұмысы көрермен назарынан тыс қалған жоқ.
Министр қазіргі таңда цифрландыру саясатының дара жолға қойылғанын, жасанды интеллектпен жұмыс жасаудың едәуір тиімді екендігіе атап өтіп, орталықтық еліміз үшін маңызды екендігіне тоқталып өтті.
- Shymkent Hub-тың ашылу салтанаты – тек Шымкент қаласындағы маңызды оқиға емес, Қазақстанның IT-саласын дамытудағы айтулы кезең. Осы жылдың соңына дейін бұл тәжірибені еліміздің барлық аймағында іске асыруды жоспарлап отырмыз. Мұндай орталықтар инновация катализаторына айналып, жас таланттар жарқын идеяларын жүзеге асыру үшін ең үздік тәжірибелер мен ресурстарға қол жеткізе алады. Бұл бастама өңірлердегі талантты мамандарды қолдап, олардың кәсіби өсуі мен дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жаңадан ашылған IT Hub Шымкент қаласында инновациялық және технологиялық жобаларды дамытуға серпін беретіні сөзсіз, – дейді ҚР Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Shymkent Hub ғимаратында Astana Hub-тың білім беру және инкубациялық бағдарламалары жүзеге асырылған. Мұнда митаптар, Pizza Pitch, воркшоптар, Speaker Talks, Idea Battle және IT-қауымдастықтың қалыптасуына ықпал ететін басқа да көптеген түрлі іс-шаралардың өтуінк мүмкіндік бар. Инкубациялық кезеңде стартап-жобаларды құру барысында қатысушылар кәсіпкерлік негіздері бойынша білім мен инвестиция тартуда қолдау алып, қаржылық есеп жүргізу және басқа да қажетті дағдыларды меңгереді.
Көрмеге қатысушылар бұған дейін жасаған жобаларын көпшілікке таныстырды. Мәселен, Орта Азия мемлекеттері арасында алғашқылардың бірі болып, дрон шоуын ұйымдастыруды қолға алған «Sky Lights» компаниясы қыркүйек айынан бастап кең көлемде жұмыстар жоспарламақ. Негізін қалаушылардың бірі Абылай Жанысбек жоспарымен бөлісті.
- Қазақстанда алғаш рет құрылған компанияға қызығушылардың қатары көп. Осыдан бірнеше ай бұрын «Tulip Hаll» сарайының ашылуында дрон шоуын ұйымдастырдық. Қала азаматтарының қызығушылығы осы шоудан кейін басталды. Қазіргі таңда, жеке инвесторлардың қолдауымен Қытай мемлекетінен қосымша 100 дрон алдыртудамыз. Біз оларға дайын үлгісін жібереміж, олар көшірмесін жасап береді,-дейді Абылай Жанысбек.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік деңгейде инновациялық экожүйені кеңейтудің маңызын «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өтіп, Astana Hub тәжірибесін кеңінен масштабтау міндетін қойды. Бүгінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бастамасымен және Astana Hub, әкімдіктер мен жеке серіктестердің қолдауымен еліміздің 15 өңірінде IT-хабтар табысты жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін Атырау, Жезқазған, Петропавл және Жаңаөзен қалаларында жаңа IT-хабтар ашу жоспарланыпты.