Күрсары Керей руынан шыққан Бәйімбет батырдың әкесі Төбет бай Көкшетау өңірінде өмір сүріпті. Төбеттің төрт баласы да ерен еңбегімен елге танылған атақты батырлар болған: Өтебай, Бәйімбет, Асан, Үсен. Бірақ Төбет байдың ұлдарының арасында Бәйімбет озық болады. Оны білген Төбет Бәйімбетті ел-жұртқа сөзі өтер дана, жауырыны жерге тимес балуан, қол бастай алатындай батыр етіп ерекше тәрбиелеген. 16-18 жасында ат жалын тартып, ағасы Өтебай мен бірге қазақ даласының азаттығы жолында Абылай ханның орда сарбаздарының қатарына қосылады. Бірнеше айтулы айқастар мен шешуші шайқастарға қатысып, Абылай ханның сенімді қас батырына айналады. Кейіннен Абылай ханның тұсындағы мықты әскербасылардың бірі болады.
Бәйімбет батырдың алғаш рет ұрысқа түсіп, атағы шыққан уақыты тарихымыздағы ең ауыр кезеңдердің бірі «ақтабан шұбырынды» тұсында еді. Батырдың ұрпақтары жазып шығарған «Бәйімбет батыр Төбетұлы» кітабында былай делінген: «Көкшетау өңірі бойынша тарихта қалған қанды шайқастардың ішінде Үлкен Қарой маңындағы ұрыс аса ауыр болған. 1732 жылы тамыз айында 7 мыңнан тұратын қалмақ әскерлері Чакбо атты қолбасшысының басқаруымен Орта жүз жеріне кіріп соғыс ашты. Қонтайшы қалмақтары 200 түндікті, 6 мыңнан аса жылқы мен 10 мың қой әкетіпті. Сіресе бекініп алған әрі оқ қарумен жарақтанған торғауыт пен дүрбіт қатты қарсыласады. Бұл — атақты тарихта қалған, сексен күнге созылған қанды сойқанның басы еді. Сол жылдары бұл ұрыста Бәйімбет батыр бастаған Күрсары Керей жігіттері ерекше көзге түсті. Жау шеңгелінен өңірді қайтадан қайтарып алады». Осы айқаста Бәйімбет батыр жекпе-жекке шығып жоңғардың батырын ойсырата жеңіп, атағы ел арасына тарап кеткен екен.
Омбы архивінен табылған деректер мен құжаттарға сүйенсек Бәйімбет «батыр» ғана емес, Керей-Атығай елін басқарып, жүгін арқалай білген «бек» аталған және патша ағзамның сарайына «елші» ретінде барған. Бәйімбет жорық кезінде орасан зор күшімен және алдыртпас айласымен танылған батыр болса, бейбіт күнде ақылы мен санасына сүйеніп сөз бастай білген мемлекеттік дәрежедегі істерге араласқан мәмілегер болған.
Бәйімбет батыр қайтқаннан кейін өсиеті бойынша киелі Түркістан қаласына жерленді. Қыстың қырау кезінде қайтыс болған бабамызды жаңа сойылған жылқының терісіне орап, ауа кірмейтіндей етіп тігіп, сыртын қара маймен майлап сақтаған. Қыстың жүзі ауғанда мәйітті қасиетті орнына жеткізіп жерлеген екен. Бар қазақтың баласы Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы санап, қастерлеп, қадір тұтады, бұл жерде хандар, сұлтандар, атағы шыққан билер, батырлар ғана жерленген.
Қ.Ысқақ - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының көрме ұйымдастырушы.