Жалаулы ата мазары Түркістаннан солтүстік-батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан. Мазардың ені – 9,2 м, ұзындығы – 8,1 м. Өлшемдері 25х25 см болатын күйдірілген қыш кірпішпен қаланған. Уақыт өте кесене күмбезі мен қабырғалары қирап, саз кесекпен қайта тұрғызылғаны байқалады. Қазіргі таңда көптеген жөндеу, жаңалау жұмыстарын бастан кешірген құрылыс қирандысы ғана сақталған. Кесененің айналасына әр уақытта адамдар жерленіп үлкен қорымға айналған.
Аңыз әңгімелер мен тарихи деректерде Жалаулы атаның VIIIғ. араб әскерлерінің қолбасшысы Зәңгі атаның ту ұстаушысы болғандығы айтылады. Жалаулы ата «Сауранның тоғыз бабы» деген әулиелер қатарында аталады, яғни, бұл кісі «баб» - исламды насихаттаушы, «ата» деген атты халық кейіннен берген.
2010 ж. археологиялық қазба барысында бұл құрылыстың аса күрделі тарихы бар екендігі анықталды, құрылыстың астында биіктігі 1,7 м, ұзындығы 3 м, ені 2 м шамасында төртқұлақ сағана, там қирандысы аршылды. Сағананың алдынан кейіннен қойылған тастан жасалған құлпытас, обелиск сияқты тігінен қойылған тас колонналардың сынықтары мен бөлшектері шықты (бұл колонналар құлпытастан бұрын қойылған).
Жалаулы ата мазары «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты, мемлекет қорғауындағы объект.
Р.Азизбеков - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қорықшы.