Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы бірқатар көтерме сауда қоймалары мен медициналық бұйым шығаратын мекемелерді аралады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз-қызметі хабарлады.
«НПО ЗЕРДЕ», «АҚ НИЕТ», «Аптека №5», «ATAMIRAS.S» ЖШС-нің көтерме қоймаларына барған Әйтенов резервтік қорлармен қамтамасыз етілу мәселесін өз көзімен көріп қайтты.
Өткен жылы коронавируспен күреске қолданылатын дәрілерге бюджеттен 180 млн. теңге бөлінсе, биыл 659 млн. теңге тұрақтандыру қорына бөлінбек. Нәтижесінде дәрі бағасы 15-30 пайызға төмендейді.
Әкімдіктің баспасөз-қызметінің мәлімдеуінше Шымкентте дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Дәріханалар мен емханаларда ыстық түсіретін, антибиотиктер секілді вирусқа қарсы қолданылатын 4144000 дана дәрілік заттар бар. Бағалары 25 теңгеден басталады.
Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы күніне 20 мың бетперде шығаратын «Bіzhon» ЖШС-нің жұмысымен де танысты. Аталмыш мекеме өткен жылы жалпы сомасы 78 400 000 теңгеге 2 240 000 дана медициналық бір реттік бетперде шығарған.
Әйтенов «Экофарм» ЖШС-нің жұмысын да бақылады. Мекемеде көп реттік және бір реттік медициналық киімдер тігіледі. Өндіріс орны тәулігіне 2000 дана медициналық қорғаныс киімін тігуге қауқарлы. «Экофарм» ЖШС-і өткен жылы 648 876 дана медициналық бұйым шығарды.
Өз сөзінде М. Әйтенов өткен жылғы қателіктерді болдырмау үшін дәріханалар мен қала тұрғындарына барынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін қатаң тапсырды.