Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жас ғалымдары Қуаныш Жақпаев, Жалғас Ахметов және Анет Ибраимов смарт электромотоцикл жасап шығарды. Жас ғалымдардың айтуынша, олар әйгілі «Harley-Davidson» моделіне негізделген электрлік мотоцикл құрастырған. Смарт электромотоциклді мүмкіндігі шектеулі жандар да оңай басқара алады. Бұл көлік экологиялық тұрғыдан таза әрі жүк тасымалдауға да қолайлы, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Жобаны толық іске асыру мақсатында ғалымдар командасы «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауына қатысып, грант жеңіп алды. Қазіргі таңда университет ғалымдары электр энергиясымен жұмыс істейтін үнемді және ыңғайлы көлік құралдарын өндіретін цех ашып, отандық өндірісті дамытуға өз үлестерін қосуда. Болашақта бұл өнімді нарыққа шығарып, электр көліктерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды жоспарлап отыр.
Жетісу университетінің ғалымдары алдағы халықаралық электр көлік көрмелеріне дайындық жүргізіп жатыр.