Нью-Йорк, 2024 жылғы 27 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ Бас Ассамблеясы шеңберінде Ең аз дамыған елдер, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер және шағын аралдық дамушы мемлекеттер мәселелері бойынша БҰҰ-ның Жоғары өкілі Рабаб Фатимамен кездесу өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Сұхбат барысында ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер (ТШЖДЕ), оның ішінде өз тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстанның тұрақты қолдауын атап өтті. Осы тұрғыда 2003 жылы Алматы қаласында БҰҰ-ның ТШЖДЕ мәселелері жөніндегі бірінші конференциясын өткізу аталып өтті, онда ТШЖДЕ ерекше қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған алғашқы онжылдық Алматы іс-қимыл бағдарламасы қабылданды.
Өз кезегінде Р. Фатима ү.ж. желтоқсан айында Габорон қаласында (Ботсвана) өтетін БҰҰ-ның ТШЖДЕ бойынша алдағы Үшінші конференциясын өткізуге Қазақстанның қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Сонымен қатар БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында Қазақстан СІМ басшысы Хорватия Премьер-министрі Андрей Пленковичпен және Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен екіжақты кездесулер өткізді.
Тараптар Қазақстанның аталған елдермен өзара іс-қимылын дамыту перспективаларын талқылап, өңірлік және жаһандық күн тәртібіне қатысты пікір алмасты. Өзара қызығушылық тудыратын салаларда ынтымақтастықты дамытуды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бұған қоса Қазақстан мен Сьерра-Леоне дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды.