Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаны 2,4 миллионға жуық адам салдырған. Ал, ІІ компонентін салдырғандардың қатары 1,3 млн адамды құрайды. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында Асқар Мамин мәлімдеді.
«Әкімдіктер мен Денсаулық сақтау министрлігі жаз кезінде вакциналау қарқынын барынша ұлғайтуы қажет, әсіресе Маңғыстау, Ақмола, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында. Барлық деңгейдегі әкімдер вакцинация мәселесін жеке бақылауға алуға тиіс», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министрдің айтуынша, Қазақстанда жалпы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай жақсарған. Вирус жұқтыру деңгейі төмендеп, бір аптада 30 пайызға азайды. «Қызыл» аймақта тек Нұр-Сұлтан қаласы қалған.
«Осы ретте, әкімдік қосымша шаралар қабылдауы керек. Жалпы 10 өңір, яғни басым бөлігі «жасыл» аймақта, 6 өңір «сары» аймақта. Тұрғындардың вакцина алуы мен эпидемияға қарсы жүргізілген шаралардың нәтижесінде Қазақстан «жасыл» аймаққа кірді», - деді Асқар Мамин.