Олжас Бектенов: Президенттің 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін іске асыру үшін көшеттердің жерсіну деңгейін арттыру, өртке қарсы жұмысты күшейту және көшеттерді тіркеу фактілеріндегі көзбояушылықтың жолын кесу қажет

Олжас Бектенов: Президенттің 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін іске асыру үшін көшеттердің жерсіну деңгейін арттыру, өртке қарсы жұмысты күшейту және көшеттерді тіркеу фактілеріндегі көзбояушылықтың жолын кесу қажет

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының мемлекеттік орман қорын ұлғайту жөніндегі тапсырмаларының іске асырылу барысы қаралды. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, бірқатар облыс әкімдері баяндады, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.

Елімізде 2021 жылдан бері қарай шамамен 970 млн көшет отырғызылған. Бұл ретте 5 жыл ішінде республиканың орманды алқаптары 267 мың гектарға ұлғайды. 

«Мемлекет басшысы 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін қойды. Бұл еліміздің орман қорын 14,5 млн гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Орман алқаптары мен саябақтарды кеңейту, болашақ ұрпақ үшін биологиялық әркелкілікті сақтау – экологиялық ахуалды жақсартуда маңызды басымдықтардың бірі. Бұл – аса күрделі әрі ұзаққа созылатын жұмыс, оны ұдайы назарда ұстау қажет. Сондықтан барымызды сақтап, жерімізді жасыл желекке айналдыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазақстанда 2027 жылдың соңына дейін тағы 1 млрд-тан астам көшет отырғызып, өсіру қажет. Бұл міндетті іске асыру толығымен әкімдіктердің сапалы жұмысына және министрлік тарапынан нақты үйлестіруге байланысты болмақ. Осы орайда кешенді ғылыми тәсілді қолдана отырып, ағаш отырғызу әдістерін жетілдіру тапсырылды. Дайындық жұмыстарын тиімді жоспарлаудың маңыздылығы да атап өтілді. 

Сонымен қатар отырғызылған ағаштардың жерсініп кету деңгейіне назар аударылуда. Премьер-Министр әкімдіктердің санда бар, санатта жоқ ағаштар туралы күмәнді ақпарат беру фактілері кездесетінін, көзбояушылықтың жолын кесіп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту керектігін атап өтті. 


Экология және табиғи ресурстар министрлігіне әкімдіктермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін келесі жылдарға арналған көшет материалдарымен қамтамасыз ету жоспарын әзірлеу тапсырылды. Көшеттердің жерсіну деңгейін арттыру үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі оны өсіру және ағаш отырғызу жұмыстарының сапасын бақылауды қамтамасыз ету бойынша агротехниканы сақтау тәртібін әзірлеуі керек.

Ормандарды өрттен және заңсыз кесуден қорғау шараларына ерекше назар аударылады. Өткен жылдарда орын алған алапат өрттер бұған дейінгі өртке қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралардың мардымсыз екенін анық көрсетті. Осыған байланысты қазір елімізде орман шаруашылықтарын, саябақтар мен резерваттарды арнайы өртке қарсы жүйелермен, техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс қолға алынды. Мәселен, биыл еліміздің орман шаруашылығы тарихында алғаш рет 2305 өртке қарсы техника сатып алуға 52 млрд теңге бөлінді.

Бұдан басқа, мемлекеттік орман қорының 900 мың гектары орман өрттерін ерте анықтау жүйесімен қамтылған. Мысалы, Бурабай ұлттық паркінде орнатылған ерте хабардар ету жүйесінің арқасында орман өрттерінің орташа ауданы 50 есеге қысқарды. Келесі жылы мұндай жүйе «Семей орманы» резерватында 3,1 млрд теңгеге енгізіледі.

Аурулар мен зиянкестердің таралып кетпеуі үшін санитариялық жұмыстар жүргізіп, алқаптарды жарамсыз ағаштардан тазарту қажет. Бұлар – өртенген немесе ауруға шалдыққан ағаштар. Біз осындай зақым келген жалпы аумақтың тек 1%-ында ғана ағаштарды кәдеге жаратамыз. Сонымен қатар елімізде оталған ағаштардықайта өңдеуге арналған жоғары шикізат базасы бар. 

Премьер-Министр орман өнеркәсібі саласына әлеуетті инвесторлар тарту жұмысын күшейтуді тапсырды. Орман қорын ұлғайту жұмысында қатаң бақылау мен тиісті үйлестіруді қамтамасыз ету маңызды, деп атап өтті Олжас Бектенов.

Экология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге, әсіресе бюджеттен тыс қаражатты тарта отырып, орман мекемелері үшін қажетті жабдықтар мен техника сатып алуды қаржыландыру шараларын жалғастыру тапсырылды.

Сондай-ақ орман алқаптарына тұрақты мониторинг жүргізу, оның ішінде ғарыштық бақылау жүргізілуі тиіс.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Сенат Парламентінің клуарында мемлекеттік қарыз көлемі туралы журналистердің сұрағына...