Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының ережелерін қайта қарады. Атап айтқанда, тұжырымдамаға су тасқынын болжау мен модельдеуді жетілдіру, кадрлық әлеуетті арттыру, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тармақтар қосылды, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Енгізілген өзгерістерді ескере отырып, тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары да қайта қаралып, толықтырылды. 2030 жылға қарай қол жеткізу жоспарланып отырған 13 индикатор анықталды.
Елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұжырымдамада жаңадан 42 су қоймасын салу, 37 су қоймасын реконструкциялау және 14 мың шақырымнан астам суару каналдарын жаңғырту көзделеді. Бұл су тасымалдау кезінде өнімсіз шығындарды 50%-дан 25%-ға дейін азайтуға, суармалы жерлердің ауданын 2,5 млн гектарға дейін, ал қолда бар су ресурстарының көлемін 2,6 млрд текше метрге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экономика салаларын сумен тұрақты қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту үшін гидротехникалық құрылыстардың жағдайы жақсарады.
«Тұжырымдамаға сәйкес су ресурстарын басқару жүйесін дамыту бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бұл су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту, ақпараттық-талдамалық базаны жетілдіру, экологиялық жағдайды жақсарту, трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және басқа да іс-шаралар», - деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.