3 қазанда Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясында ҚР ОРК Төрағасы Нұрлан Әбдіров республикалық референдумға ТМД-дан байқаушылар Миссиясының басшысы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Бас хатшысының бірінші орынбасары Леонид Анфимовпен кездесті, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Орталық Сайлау комиссиясына сілтеме жасап.
Кездесуге Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман және ТМД байқаушылар Миссиясы Штабының басшысы Олег Кулеба қатысты.
Нұрлан Әбдіров Миссияның басшылығына 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу барысымен таныстырып, науқанның негізгі кезеңдері, сондай-ақ халықаралық бақылаушыларды аккредиттеу қорытындылары туралы туралы хабардар етті.
ОРК Төрағасы ТМД Атқарушы комитетіне еліміздегі электоралды науқандарды байқауға тұрақты түрде қатысып келгені үшін алғыс білдіріп, халықаралық байқаушылардың қатысуы жұртшылықтың алдағы плебисцитке деген сенімін арттыратынын атап өтті. Айта кетейік, алдағы референдумға ТМД Миссиясынан 74 байқаушы қатысады.
Орталық референдум комиссиясы дауыс беруге дайындық және оны өткізу бойынша қорытынды іс-шаралар өткізді. Аумақтық комиссиялар электоралды рәсімдерінің ашықтығын және референдум заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге дайын.
Өз кезегінде Леонид Анфимов референдумдағы ТМД-дан байқаушылар Миссиясының қызметі туралы айтып, олардың тиімді қызметіне жасалған жағдайлар үшін алғысын айтты. Ол Миссия референдум өткізілуін жалпыға бірдей танылған демократиялық қағидаттар мен ұлттық заңнамаға сәйкестігін бағалайтынын атады. Миссия дауыс беру күнінен кейінгі күні ТМД елдерінің барлық үйлестірушілерімен келісілген Мәлімдемесінде бағасын жариялайды.
Кездесуден кейін Миссия басшысы БАҚ үшін брифинг өткізді.