Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін негізін қалаушы оны нығайту және одан әрі дамытуды ұйымдастырушы, басқарушы, тәуелсіз елімізді әлемдік дәрежеге көтеруді қамтамасыз етуші тұлға.
Н.Ә.Назарбаевтың ҚР Президенті болған кезіндегі мемлекеттік және қоғамдық қызметін мынадай бағыттарға бөліп қарауға болады:
- Тәуелсіз Қазақстанда нарықтық қатынастарды қалыптастырушы, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді, этносаралық және дінаралық қатынастарды реттеуші, демократия мен құқықтық мемлекетті құрушы;
- Қазақстан Республикасын халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналдырушы, Қазақстанның беделін әлемдік дәрежеге көтеруші, дүниежүзінде бейбітшілік пен ынтымақтың артуына ерекше үлес қосқан, көптеген әлемдік дәрежедегі бастамалар мен тың істердің ұйытқысы болып келе жатқан қайраткер.
- Н.Ә.Назарбаев ірі дәрежедегі ойшыл. Президенттік қызметін үнемі ғылыми шығармашылық пен толықтырып отыратын әлемдік дәрежедегі экономист және Қазақстандағы қоғамдық қатынастарды құқықтық тұрғыдан реттеуді қамтамасыз етуші заңгер тұлға.
І. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің дамуына сіңірген еңбегі өте мол, ал болашақта сіңіретін еңбегі одан да жоғары.
Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз мемлекеттің экономикасында нарықтық қатынастарды қалыптастырушы, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді, этносаралық және дінаралық қатынастарды реттеуші, демократия мен құқықтық мемлекетті құру жолындағы мына жетістіктерін айтқан жөн.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел экономикасы толықтай қираған еді. Зауыттар, фабрикалар, ірі кәсіпорындар түгелге жуық тоқтады. Колхоздар мен совхоздар тарады. Бартерлік немесе айырбас түріндегі экономика пайда болды. Бір қойдың құны бір қап ұннан төмен түсіп кетті. Мал басы ондаған есеге төмендеді. Инфляция мың пайыздан асып жығылды. Жаппай жұмыссыздық орын алды. Ақша құнсызданды. Жұмысшылар айлап, жылдап жалақы алмады. Халықтың бір тобы шерулер мен демонстрацияларға бет қойып, көшеге шығып кетті. Электрэнергия жетіспей қалалар мен ауылдарды қараңғылық басты. Газ және жылу жетіспеді. Бағалар күнделікті өсу үстінде болды.
Осындай жағдайда 1993 жылы төл валютамыз теңге енгізілді. Өнеркәсіпте және ауылшаруашылығында жекешелендіру қолға алынды. Қирап бара жатқан өндіріс пен кәсіпорындарды, ауылшаруашылығын жеке қолға өткізу арқылы жаңа меншік иелері біртіндеп қалыптастырылды. Бизнеске негіз қаланды. Осы бағытта заңдар қабылданып, жаңа мемлекеттік органдар құрылды. Бұл жұмыстың бәрі қиындықпен және қайшылықтар арқылы жүрді. Кемшіліктер де көп болды.
Ескі мен жаңаның күресі жағдайында екі мәрте Жоғарғы Кеңес (сол кездегі Парламент) 1993 жылы желтоқсанда және 1995 жылы наурызда таратылды. Жоғарғы Кеңес нарықтық және демократиялық қатынастарға қайшы орган болып, социалистік жүйенің соңғы элементі ретінде жойылды.
Осы кезеңде елдегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім этносаралық және дінаралық қатынастарда да қайшылықтар көп болды. 130 дан астам этнос өкілдері, конфессиялар, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары қаулап өсті. Олардың бір тобы тәуелсіздікке ашық қарсы әрекет етті. Еліміздің батысы, шығысы, солтүстігі және орталығында кейді орыс тілді ұйымдар мен БАҚ-тар автономия құру, орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беру үшін күреске шықты. Сол оқиғалардың ашық көріністерінің бірі Орал қаласында болған «Орал казак әскерінің» орыс патшасына қызмет етуінің 400 жылдығын атап өтуге казактар өкілдерінің бүкіл Ресейден жиналуы.
Осындай жағдайда ұлттық бірлік пен тұтастықты қалыптастыру және сақтау сол негізде саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайту бірінші қатардағы міндетке айналды.
Бірнеше рет республикада және облыстарда халықтар форумдары өтті. Дүниежүзі қазақтарының съезі өтті. Этностық мәдени орталықтар құрылып, оларға мемлекеттің қолдауы күшейді. Облыс орталықтарында ірі қалаларда Халықтар достығы үйлері құрылды. Осы жылдары Елбасының мынадай кітаптары жарияланды:
«Қазақстанның егеменді мемлекет ретіндегі қалыптасуы мен дамуының стратегиясы»-Алматы. 1992;
«Қоғамның идеалық бірлігі Қазақстандық прогрестің шарты ретінде»-Алматы.1993.
Бүл кітаптар қоғамның топтасуы мен бірлігінің артуына және дауына ерекше үлес қосты.
Келімсек діндердің саны артты. Олар тез арада жер сатып алып, өздерінің шіркеулері мен храмдарын соғып алды. Мыңдап мұсылман тектес азаматтарды қатарына тарта бастады. Елде дінаралық алауыздықтың белгілері көрініс тапты.
Осы қайшылықтарды шешуде Елбасының тікелей басшылығымен 1995 жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясы (2007 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы) құрылды.
Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді дамыта беру мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарды бірі болып қала береді. Бұл бағыт Елбасының Қазақстан халқы Жолдауларында тұрақты орын алып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заң қабылданды. 2007 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясына ҚР Парламенті Мәжілісінен 9 депутаттық орын берілді.
2003 жылдан бастап Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу дәстүрге айалды. Бүгінге дейін төрт рет 2003, 2006, 2009, 2012 жылдары съездер өткізілді. Осы съездердің бәрінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев төрағалық етіп келеді. Астанада осы съездерді және өзге де аса маңызды мемлекеттік шараларды өткізетін Бейбітшілік және келісім сарайы соғылды.
2010 жылы Қазақстанның «Ел бірлігі туралы Доктринасы» қабылданды. 820 мәдени-этностық орталықтар, 4 мыңнан аса БАҚ, 35 мың коммерциялық есем ұйымдар, соның ішінде 12 мың үкіметтік емес ұйымдар, 10 саяси партия, 45 конфессиялар қызмет етті. Осы кең ауқымды шаралар еліміздегі этносаралық және дінаралық татулықты қалыптастырудың жаңа әлемдік үлгісін жасады. Қазақстанның бұл саладағы тәжірибесін БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да ұйымдар қызығушылықпен зерттеуде.
Ғ.Маймақов («1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күні», Оқу-әдістемелік құралынан)