Қазіргі таңда жеңіл атлетикадан Қазақстан командасының еншісінде екі жолдама бар. Жанна Мамажанова марафоннан, Нора Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден іріктеу нормативін орындады. Бас бапкер Дмитрий Карповтың айтуынша, құраманың әлі сегіз жолдама алатын мүмкіндігі бар, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Ағымдағы жылдың 30 сәуірінде марафоннан іріктеу кезеңі аяқталды. Бұл кезеңде Жанна Мамажанова Қазақстан рекордын жаңартып, Олимпиада жолдамасына қол жеткізді. Қалған спортшылар үшін жолдамаға талас 30 маусымда аяқталады. Қазіргі таңда қазақстандық жеңіл атлеттер біртіндеп бабына еніп, рейтингілік ұпайларға таласуға дайын.
Дмитрий Карпов команда мүшелерінің әлі сегіз жолдама алатын әлеуеті барын айтады.
«Жазғы жарыс маусымы енді басталды. Ұлттық құрама спортшылары бірнеше турнирге қатысып үлгерді. Қазір бәрі де жеке жоспар бойынша, қандай да бір кедергісіз өтуде. Олимпиадаға іріктеуге келер болсақ, біз 2024 жылғы жазғы ойындарға қатыса алатын жеті-сегіз спортшының аяқ алысын бағамдап отырмыз», -дейді бапкер.
Турнирдің басым бөлігі іріктеу кезеңінің соңы саналатын маусымда өтеді. Бұл кезде команданың жарыс кестесі де өте тығыз болмақ.
«2 маусым күні Ольга Сафронова «Гауһар лигасында» бақ сынауды жоспарлап отыр. Диск және ядро лақтыратын спортшыларымыз Мокподағы Азия біріншілігіне қатысады. Құрлықтық сын 12-14 маусымда өтеді. 22 маусымда Дублинде өтетін спорттық жүрістен халықаралық турнирге аралас командалық эстафета өкілдерін апаруды көздеп отырмыз. Кедергілер арқылы жүгіретін Давид Ефремов Еуропадағы жарыстарға, Надежда Дубовицкая ұлттық чемпионаттарға қатысады», - дейді ол.
2024 жылғы Париж ойындарына іріктеу жүйесі екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – арнайы нормативті орындау арқылы, екіншісі – әлемдік рейтинг арқылы жолдама алу. Бір айта кетерлігі, межелі нормативті орындау жыл сайын қиынға соғып барады, себебі, әрбір дисциплинадағы көрсеткішті күн санап қиындатуда.
«Олимпиадаға іріктеу бұрынғыдай тек қана нәтижеге тіреліп қалмаған. Осымен екінші жазғы ойындарға нәтиже мен нормативтен бөлек, рейтинг арқылы да спортшылар таңдалады. Жарыс деңгейі қаншалықты биікболса, ұпай да соншалықты көп. Сондықтан спортшылар халықаралық турнилерге жиі шығады. Турнир таңдаған кезде командадағы әрбір атлеттің жеке әлеуетіне назар аударамыз. Шешім қабылдауға жеке менеджерлер, жеке жаттықтырушылар мен бас бапкер кіріседі. Нормативтердің жыл сайын көтеріліп жатқанына келер болсам... Спорт бір орында тұрмайды. Бұрынғы рекордтардың көпшілігін қазіргі спортшылар оңай бағындырады. Ал Олимпиада сияқты ең мықты жарыста бәрі де тек үздіктерді көргісі келеді», - деп Карпов сөзін аяқтады.
Қазақстандағы ең атақты жеңіл атлет Ольга Рыпакова спорттық мансабын аяқтады. Ол ұзақ уақыт бойы құрама көшін бастады. Қазіргі таңда Карпов Надежда Дубовицкая мен Иван Ивановты көшбасшылар қатарынан көреді.
Сондай-ақ, бас бапкер Париж Олимпиадасында 2022 жылғы әлем чемпионы Нора Джерутоның сәтті өнер көрсетуіне сенетінін айтты.
«Олимпиадада Нора Джерутов жақсы өнер көрсетеріне, тұғырға шығуға жететіндей жақсы нәтиже тіркейтініне сенімдімін», - деді ол.
Қазіргі таңда жеңіл атлетикадан Қазақстан командасы Алматы облысындағы жаңа базада жаттығуда. Осы базада Олимпиада қарсаңындағы жиын да өтпек.