Париж ойындары мыңдаған талантты спортшының өз мансабындағы тұңғыш Олимпиадасы болмақ. Жастығына қарамай, төртжылдық додасына жолдама алған атлеттер қарасы әлдеқайда көп. Ал қазақстандық Дмитрий Панарин жазғы Олимпиадаға алғаш рет жолдама алып қоймай, бадминтоннан Қазақстан құрамасын тұңғыш рет ғаламдық жарыста таныстырмақ. Себебі, бұған дейін аталған спорт түрінен бірде-бір рет жазғы ойындарда бақ сынап көрмедік. Елімізде аса танымал болмаса да, Панарин мен құрама бапкерлері аталған спорт түрінің болашағы зор екенін көрсетті, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Дмитрий Панарин – бадминтон әлеміне Қазақстанды алғаш танытқан спортшы. Ол 2018 жылы тұңғыш рет жасөспірімдер Олимпиадасына қатысып, ширек финалға дейін жетті. Ал былтыр Ханчжоуда өткен Азия ойындарында алғашқы сегіздікке енді. Париж Олимпиадасына барар жолда Панарин мен бас бапкер Асқар Орманов және жаттықтырушылар құрамы үлкен еңбек атқарды.
«Мамыр айының басында Олимпиадаға лицензия алғанымызды естіп, қатты қуандық. Бұл қуанатындай жағдай еді, себебі, бұған дейін бадминтоннан ешкім жазғы ойындарға жолдама алмаған бізде. Оның үстіне, басшылық та бізге талап қойды. Нанымызды адал жеп отырғанымызды дәлелдеу үшін жақсы нәтиже көрсету керек еді. Бадминтонның біздің елде айтарлықтай танымал еместігіне, айтарлықтай жақсы дамымағанына қарамастан, біз тынымсыз еңбектендік. Сол кезде Қостанайдағы таланатты жас спортшы еске түсті. Ол Дмитрий Панарин еді. Тәжірибенің жоқтығынан, қаржының жоқтығынан ол өз әлеуетін көрсете алмай жүрген. Сол спортшыны Қостанайдан Шымкентке алдырдым. Ол екі жыл бойы менің үйімде тұрып дайындалды. Сол екі жыл ішінде біз ешкім білмейтін ойыншыдан жасөспірімдер рейтингіндегі алтыншы ракетканы тәрбиелеп шығардық»,- дейді команда жетекшісі.
Панарин туралы отандық жанкүйерлер 2018 жылы алғаш рет ести бастады. Сол жылы ол Аргентинада өткен жасөспірімдер Олимпиадасына жолдама алған еді.
«Аргентинадағы жасөспірімдер додасында Дима ширек финалға жетіп, жапондықтан ұтылды. Бадминтон Азия елдерінде өте қарқынды дамыған. Олимпиада бағдарламасына енген 1992 жылдан бастап, өзге құрлықтан 5-6 спортшы ғана жүлде алыпты. Қалғанының бәрі сары құрлықтың еншісінде. Панарин бар күшін салды. Одан бөлек, доданың басталуына төрт ай қалғанда біздің жаттығатын залымызды тартып алды. Жаттығатын жер қалмай, жалға алатын зал табылмай, әбден сандалдық. Токио Олимпиадасына да іріктеуден өте алмадық. Бұл жағдайдың да бір жақсылығы тиді. Біз өзіміздің бадминтон орталығын аштық. Бұрынғыдай 4 корт емес, 6 кортқа дейін сыятын зал үлкен көмек болды»,- дейді Орманов.
Қазақстандық бадминтоншы әлемдік рейтинг қорытындысы бойынша Олимпиадаға жолдама алды. Бұл біздің команда үшін тарихи жетістік.
«Біздегі Олимпиадаға іріктеу жүйесі дзюдо спортына қатты ұқсайды. Бәрі рейтинг арқылы анықталады. Ал көп ұпай жинау үшін көбірек жарысқа қатысып, мейілінше жоғары орыннан көріну қажет. Олимпиада ойындарына рейтингте алғашқы 38 орында тұрған спортшылар жолдама алады. Панарин 25 005 жинады. Бұл Парижге бару үшін жеткілікті. Рейтингілік ұпай жинау үшін біз қаншама жарысқа қатыстық. Әлемнің әр түкпірінде бақ сынадық. Қазақстанда бадминтоннан бұрын-соңды Олимпиада ойындарына ешкім қатыспаған. Соны айта кету керек. Рейтингіде көп ұпай алуымызға Ханчжоудағы Жазғы Азия ойындары тікелей әсер етті. Сол сында Панарин үздік сегіздікке кіріп, ұпай қорын молайтып алды», - деді бас бапкер.
Қазіргі таңда Дмитрий Панарин Қазан қаласында жоғары оқу орнын аяқтау үшін дипломдық жұмысын қорғауға кетті. Содан соң оны АҚШ-тағы ірі турнир күтіп тұр.
«Қазір команда Түркістан облысындағы «Алматау» базасында жаттығуда, Олимпиадаға дейін біз АҚШ-та өтетін суперсерия турниріне қатысамыз. Кейін Малайзияға барып, бірлескен жаттығу жиынын өткіземіз. Содан соң біз аңсаған Олимпиада да басталады. Шыны керек, соңғы 4-5 жылда түрлі қиын жағдайлар кезікті. Соған қарамастан, тарихта тұңғыш рет Олимпиадаға жолдама алғанымыз қуантады. Бадминтон басқа спорт түрлерімен салыстырғанда аз қаржыландырылады. Енді осы қадамнан соң, Париж Олимпиадасына қатысу мүмкіндігін алған соң, бізге де көбірек көңіл бөлінеді деп ойлаймын. Біздің спорттың танымалдығы артады деп ойлаймын. Жақында федерация президентін сайладық. Бұл да біздің дұрыс бағытта дамуымызға серпін болса деген тілек бар», - дейді Асқар Орманов.
Дмитрий Панарин болса, өміріндегі тұңғыш Олимпиада ойындарына қатысатынына өте қуанышты.
«Біз үлкен жұмыс атқардық. Бұл қазақстандық бадминтон тарихындағы алғашқы жолдама. Өте қуаныштымын. Алда Малайзиядағы жаттығу жиыны күтіп тұр. Толыққанды дайындалатын боламыз», - деді ол.
Париж Олимпиадасында бадминтоннан 172 спортшы бақ сынайды. Олар бес жүлде жиынтығын сарапқа салып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайды.