"Кішкентай қыздың арманы орындалды": Айгерім Сарыбай алғашқы олимпиадасына қатысады

"Кішкентай қыздың арманы орындалды": Айгерім Сарыбай алғашқы олимпиадасына қатысады

2012 жылдан бері тұңғыш рет Қазақстан әйелдер арасындағы сабля бәсекесінен Олимпиадаға қатысады. Іріктеу турнирінде іркілмеген Айгерім Сарыбай өз арманын орындап, төртжылдық додасына жолдама жеңіп алды. Қазіргі таңда спортшы өз мансабындағы ең үлкен жарысқа дайындалып жатыр, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Айгерім үлкен спортқа 13 жасында қадам  жасады. Алғашында волейболмен айналысқан. Кейін ол семсерлесу спортымен танысты. Бір қызығы, ол семсерлесуге ауысқан сәтін кездейсоқтық деп ойламайды. 

«Бала кезімнен өте белсенді болатынмын. Мектептегі барлық спорттық іс-шараны жібермеуші едім. Кейін ата-анам мені волейболға берді. Спортпен айналысу ұнайтындықтан, спорт интернатына түссем деген жоспарым да болды. Бірақ мені семсерлесу спортындағы бапкер алып кетті. Мені көрде де, дәл осы спортты таңдауға шақырды. Осылайша, 13 жасымда семсерлесуге келдім», - дейді ол. 

11 жыл бұрын Айгерім Сарыбай өзінің халықаралық аренадағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ол кадеттер арасындағы Азия біріншілігінде сәтті өнер көрсетті. 

«2013 жылы өткен кадеттер арасындағы Азия біріншілігінде мен өзімнің алғашқы халықаралық жүлдеме қол жеткіздім. Сол сында үшінші орын алдым. Алғашқы сегіздікке ену үшін ирандық спортшымен кездесіп, 7:13 есебімен ұтылып жатқам. Десе де, жеңіске деген жігер танытып, 15:14 есебімен жеңіп кеттім. Содан соң ширек финалға өтіп, қола медаль иелендім», - деп еске алды Сарыбай.

Міне, арада талай жыл өтіп, Айгерім Қазақстан намысын Олимпиадада қорғау мүмкіндігін алды. Ол Ташкентте өткен Азия аймақтық іріктеу турнирінде жолдамаға қол жеткізіп отыр. Осы орайда, әйелдер арасында Олимпиаданың бір квотасы ғана сарапқа салынғанын айта кету керек. 

«Қатты бір шаршағаным немесе қобалжығаным есімде жоқ. Белгілісі – төрт жыл бойы тынбай еңбектенгенім. Соңғы жарты жыл бойы тек қана осы турнирге дайындалдық. Қажет кезінде күш қостық, күшімізді дұрыс жоспарлап, физикалық және моральды тұрғыда жанып кетпеу үшін барымызды салдық.  Бұл жерде менің жеке бапкерім Олександр Торчук пен біздің Федерация президенті Мирболат Әбуовтің қолдауы мықты болды. Ол өзі осы турнирге арнайы келіп, қолдау көрсетті. Сонымен қатар, спорттық психологпен жұмыс істегенім де маңызды роль ойнады. Мұндай спарринг деңгейіне жеткенде сенің кәсіби спортшы ретінде дамуыңа бұл аса қажет. Ал жекпе-жек кезінде мен өзімнің ішкі дауысыма, тактикама сүйендім. Айналадан толығымен оқшауланып, не болып жатқанын естімеуге тырыстым», - дейді спортшы.

2012 жылдан бері әйелдер арасындағы саблядан Қазақстан Олимпиадаға қатысқан жоқ. Айгерімнің айтуынша, оның іріктеуден өткені аталған спорт түрінің дамуына жол ашады. 

«Бұл жолдаманы сөз жоқ, күттік. Мен, бапкерім Олександр Торчук пен Қазақстан семсерлесу федерациясы әйелдер саблясынан Олимпиадаға қатысу үшін ұзақ жолды жүріп өттік. Әзірге, менің әйелдер арасындағы семсерлесу спортына қосқан үлесімді толық айта алмаймын. Оған уақыт керек. Бірақ мұның аймақтық деңгейдегі маңызды нәрсе екені анық. Қазір біздің спортқа деген қоғам қызығушылы туғанын байқаймын. Бұл қуантады. Сол біз кішкентай Айгерімнің арманы орындалды дей аламын. Аталған квота ең алдымен менің өзіме сенім сыйлады. Десе де, бұл әлі жолдың басы. Әлі Олимпиадада өзімді көрсетсем, жастарға үлгі болсам деймін. Үлкен спорт дегенің тек жылдам келетін нәтижелер емес. Бұл еңбек пен тәртіптің арқасында қол жеткізетін нәтиже», - дейді ол. 

Айгерім Сарыбай Токиода өткен Олимпиада ойындарына бір қадам қалғанда тоқтады. 

«Токио Олимпиадасына іріктеу мен үшін  үлкен тәжірибе болды. Бұл менің бірінші іріктеуімм еді, сондықтан эмоционалды тұрғыдан өте ауыр өтті. Немен жұмыс істеу керектігін көрсетті. Сол кезде жігерленіп, алдыма мақсат қойғам. Уақыт өте келе қателікпен жұмыс істеп, техниканы жетілдірдік», - дейді спортшы. 

Қазіргі жетістігін Сарыбай қандай бір эмоциясыз қабылдауда. Бар мақсат  - алдағы ойындарға дайындалу. 

«Алғашында өзіңе деген мақтаныш болды. Бірақ бұл жолдың жартысы екенін бәріміз де түсінеміз.  Әлі қуануға ерте. Қазір Азия чемпионаты мен Олимпиадаға дайындық басталды. Сондықтан, бар ойым  - Париж ойындарына жақсылап жаттығу», - дейді ол. 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов америкалық ірі технологиялық компаниялардың бірі EPAM Systems директорлар кеңесінің төрағасы, бас...