Қазақстан ҰОК пен NU Университеті бірлескен білім беру жобаларымен жұмыс істеуге ниетті

Қазақстан ҰОК пен NU Университеті бірлескен білім беру жобаларымен жұмыс істеуге ниетті

Бұл туралы Астанада екі ұжым басшылығы келісімге келді. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен NU Университеті арасындағы ынтымақтастық Меморандумына ҰОК бас хатшысы Жанар Утешева мен NU вице-президенті әрі медицина Мектебінің деканы Массимо Пиньятелли қол қойды, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Ынтымақтастық спорттық ғылым мен білім саласында құрылмақ. Әріптестік аясында бірлескен білім беру жобаларын іске қосып, спортшыларға, бапкерлерге, төрешілер мен спорт  менеджерлеріне арналған халықаралық семинарлар мен шеберлік сабақтарын өткізу, сондай-ақ, спорттық медицина мен оңалту саласындағы ғылыми жобаларды жасау жүзеге асырылмақ. 

Келісім аясында NU базасында болашақта әлемдік стандарттарға сай спорттық ғылым мен білім жолындағы мамандар шоғырын дайындауға мүмкіндік беретін спорт Мектебін ашу жұмысы жоспарлануда. Бұл  ынтымақтастық әлемдік тәжірибелерге сай спорттық ғылым мен білім саласындағы ұзақмерзімді серіктестіктің негізін қалайды.

«ҰОК басшысы  Геннадий Геннадьевич әу бастан бізге сөзбен емес, іспен дәлелдеу керектігін ескерткен. Осы тұрғыдан біздің көзқарасымыз Университет басшылығының ұстанымымен ұқсайтынын айта кету керек. Келісімге қол кою мүмкіндігі бүгін туғанымен, барлық жұмыс наурыз айында Пиньятелли мырзамен кездескен соң басталып кетті. Қазіргі таңда сегіз студент төрт ұлттық федерацияда тәжірибеден өтіп, құрама команда спортшыларымен жұмыс істеуде. Университет қызметкерлерімен бірге спорттық медицина және оңалту саласындағы ғылыми зерттеулер бағытында жұмыс істелініп жатыр. Біздің жоспарымызда атлеттер мен бапкерлердің дамуына арналған білім саласындағы жобалар да бар. Осы орайда, біз  NU басшылығына бастамалары мен қолдауы үшін алғыс білдіреміз», - деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Утешева. 

Сондай-ақ, бас хатшы спорттық медицина мен оңалту заманауи спорттың  ажырамас бөлшегі екенін және бұл сала жыл өткен сайын жаңашыл және бәсекеге қабілетті болып келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты, Қазақстан ҰОК аталған саланың және жалпы спорттық білімнің дамуын  назарда ұстауды жалғастырады. 

Екі ұйым басшылары атап өткендей, олар бірлесе жұмыс істейтін серіктестерді өте мұқият түрде таңдайды, сондықтан, бұл келісімге қол қою жай ғана «көрсетілім» үшін жасалмайды, керісінше, шынайы жұмыстармен жалғасатын маңызды оқиға ретінде қарастырылады. 

«Біз үшін Ұлттық  Олимпиадалық комитетпен күш біріктіру үлкен мәртебе. Біздің университетіміз спортшылардың денсаулығын  қорғау, жарақаттың алдын алу және спорттық нәтижелерді жақсартуға бағытталған ғылыми зерттеумен және білім берумен айналысады. Бұл ынтымақтастық біздің ғылыми жаңалықтарымыз бен жаңашыл тәсілдерімізді спортшылар жиі кездесетін проблемаларды шешу жолында қолдануымызға мүмкіндік береді.   Спорттық медицина  және оңалту бағдарламасына қатысатын профессорлар құрамы халықаралық деңгейде мойындалған және спортшыларға күтім жасаудың дәлелді стратегиясын құру үшін спорттық ғылым, кардиология, эпигенетика, тамақтану, биомеханика, психология, сондай-ақ, робототехникалық оңалту салаларында зерттеу жүргізді.  Қазақстан ҰОК-пен бірлесе отырып, біз спорттық ғылым және физиотерапия бойынша бакалавриат бағдарламасын, сондай-ақ, бапкерлер, нұсқаушылар мен спортшыларға арналған денсаулық сақтау саласында курстар ашуға дайынбыз», - деп атап өтті Пиньятелли.

Іс-шараға ҰОК атлеттер комиссиясының өкілдері қатысты. Атап айтар болсақ, комиссия жетекшісі Ольга Рыпакова мен комиссия мүшесі Жанбота Алдабергенова өз ойларын ортаға салып, бірлесе жұмыс істеу жоспарымен, сондай-ақ, ҰОК пен NU ынтымақтастығы аясында жүзеге асыруға ниетті жобалар  туралы ойларымен бөлісті. Одан бөлек, спорттық медицина факультетінің студенттері ҰОК-тен келген қонақтарға өздерінің спорттық оңалту саласында жазған диссертациялық жұмыстарын таныстырып, бұл бағыттағы жеке талдауларын көрсетті. 

«Спортшы ретінде мен ірі халықаралық жарыстарға, атап айтар болсам, Олимпиада ойындары, Азиада, әлем чемпионаты мен  өзге де халықаралық турнирлерге белсенді түрде қатыстым. Спорттық мансабым аясында маған спорт саласындағы озық халықаралық тәжірибемен және көптеген маманмен танысу бақыты бұйырды. Осы орайда, аталған Меморандум еліміздегі спорттық ғылым мен білімнің халықаралық тәжірибеге сай алға басуына үлкен септігін тигізеді деп үміттенемін. Біз бірлесе отырып спорттық ғылым мен білімді дамыту үшін  күш саламыз. Бұл алдағы ірі жеңістердің бастамасы болсын», - деді Рыпакова. 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа май экстракциялық зауытының құрылысы аяқталды. Зауытта жылына 370 мың тонна майлы дақылдар өңделеді, деп...

Премьер-министр Олжас Бектенов Украина төңірегіндегі жағдайға байланысты қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар, сыртқы істер, денсаулық сақтау,...

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылар ұсынған өнімдер...