Қазақстанның спорттық тарихына зор үлес қосқан аймақтар туралы материалдар сериясын жалғастырайық. Бүгінгі кезек бізге велоспорт, жүзу және конькимен жүгіру спортының жұлдыздарын сыйлаған Солтүстік Қазақстан облысында, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
СҚО-дан шыққан ең атақты спортшы - Александр Винокуров. Оның есімін әлем спортының жанкүйерлері жақсы біледі десек, артық емес. Велошабандоз Олимпиада тұғырына екі рет көтерілді. 2000 жылы күміс медаль алса, араға 12 жыл салып Лондон Олимпиадасында чемпион атанды.
2006 жылы Винокуров «Вуэльта» көпкүндігінде жеңіске жетті. Оның еншісінде «Тур де Франс» додасының төрт кезеңіндегі жеңіс және «Үлкен дулыға» турнирінің жалпы есептегі қола медалі бар. Қазақстандық спортшы екі рет әлем чемпионатында үздік үштікке еніп, 2009 жылы Азия чемпионы атағын алды.
«2012 жылғы жазғы ойындардың мәресін, Уранмен жарысқан кезді еске аламын. Ешкім күткен жоқ қой. Өзім күресуге дайын болдым. Егер сараптап қарайтын болсақ, біздің мүмкіндігіміз өте аз еді. Көптеген ел бес спортшыдан шығарды, ал біз тек Асан Базаев екеуміз ғана...
Мәреге бес шақырым қалғанда тек екі адам суырылып шықса, артта қуып келе жатқан топтан ұзап кету үшін бар күшіңді саласың. Ал мәреге бір шақырым қалғанда жағдайды салқынқанды түрде сараптайсың. Бір кездері екінші орын алғаным есіме түсті. Барынша жеңіске жетуге тырысып, сол үшін бәрін істедім», - дейді Винокуров.
Бүгінде Винокурвтың жолын оның жерлесі, Қазақстан командасының үздігі Алексей Луценко жалғап келеді. Ол 2012 жылы көзге түсіп, андерлер арасындағы әлем чемпионатының алтынын жеңіп алды.
Луценко Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы. Ол «Вуэльта» мен «Тур де Франс» кезеңдерінде топ жарған.
Бұл аймақ конькимен жүгіру спортынан да ерекше табыстарға ие. Өңірдің тумасы Роман Креч жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері. 2016 жылы Креч әлем кубогі кезеңінде алтын алды. Ол бірнеше рет Олимпиада ойындарына қатысқан.
Қазақстан спортының дамуына СҚО-ның жарқын өкілдерінің бірі Владислав Поляков та үлес қосты. Ол 2004, 2008 және 2012 жылғы жазғы Олимпиада ойындарында сынға түсіп, қысқа суда жүзуден әлем чемпионы атанды. Ол бес рет Азия ойындарында жүлдегер атанған (2006 жылы алтын медаль алды).
2010 және 2014 жылғы жазғы Азия ойындарында жеңіске жеткен жеңіл атлет Маргарита Мұқашева да Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан. Ол құрлық чемпионаттарында күміс және қола жүлдегер атанды.