Павлодар облысы: Конькимен жүгіру мен еркін күрестен олимпиада жүлдегерлері шыққан өлке

Павлодар облысы: Конькимен жүгіру мен еркін күрестен олимпиада жүлдегерлері шыққан өлке

23 маусым – Халықаралық Олимпиада күні бүкіл әлем бойынша тойлануда. Бүгін Павлодар облысынан шыққан олимпиадашылар мен танымал атлеттерді түгендейміз, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Ертіс жағасынан шыққан ең атақты  олимпиадашы  - Людмила Прокашева. Ол конькимен жүгіру спортынан 4 Олимпиадаға қатысып, аталған спорт түрінен тәуелсіз Қазақстанның қысқы ойындардағы алғашқы әрі жалғыз жүлдесін иеленген. 

Прокашева 1998 жылғы Нагано Олимпиадасында 5000 метрге жүгіруден қола медаль жеңіп алды. Спортшы өз мансабында әлем чемпионатының күміс және қола медалін иеленді. Сондай-ақ, 1996 жылы Харбинде өткен қысқы Азия ойындарында екі алтын жүлдеге қол жеткізді. 

Өңірден түлеп ұшқантағы бір Олимпиада жүлдегері – еркін күрес шебері Дәулет Шабанбай. Дәулет аса ауыр салмақта 2012 жылғы Лондон Олимпиадасын 5-орынмен аяқтаған болатын. Кейін өзге балуандар допинг дауына ұшырап, қола медаль ресми түрде Шабанбайға табысталды. 

Еркін күрес шебері Азия чемпионатында бес рет жүлдегер атанса, 2014 жылғы жазғы Азия ойындарының күміс медалін еншілеген. 

Өңірден шыққан танымал боксшылар да жоқ емес. Солардың ішінде халыққа кеңінен танылғаны – Серік Теміржанов. 57 келі салмақта Токио Олимпиадасына қатысқан ол 2021 жылғы әлем чемпионатында финалға жетіп, күміс жүлдегер атанды. 2022 жылы Амманда өткен Азия біріншілігінде де Теміржанов екінші орын алды. Бүгінде боксшы 63,5 келі салмаққа ауысты. 

Павлодар өңірінен шыққан талантты жеңіл атлет – Ольга Сафронова. Қысқа қашықтықтарға жүгіретін желаяқ қыз Азия ойындарында төрт рет жүлдегер атанған, оның ішінде бір алтын медалі бар. Одан бөлек, Азия чемпионаттарында жалпы есебі алты рет жүлдегер атанып, 2017 жылы чемпиондық атаққа қол жеткізді. 

Сафронова 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қатысушысы. 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Денсаулық сақтау министрінің төрағалығымен ведомство алқасының кезекті отырысы өтті, онда ағымдағы жылдың 9 айында саланың негізгі...