Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті NU студенттеріне арнайы дәріс оқыды, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Спорттық менеджмент пен олимпиадалық қозғалысқа арналған семинар биылғы маусым айында басталған Central Asian Summer School in Sports Sciences, Medicine and Rehabilitation бойынша Орталық Азиялық жазғы мектеп бағдарламасы аясында өтті. Дәріске өз елімізде оқып білім алып жатқан студенттерден бөлек Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген студенттер қатысты.
Магистранттарға арналған дәрісті спорт департаментінің директоры Бектұр Қиятбай мен бас менеджер Олжас Тоғызбаев оқыды.
Дәріс барысында студенттер Олимпиадалық қозғалыстың негізгі аспектілері, Олимпиадалық Хартия және Олимпизм принциптерімен танысты.
Сондай-ақ қазақстандық және халықаралық деңгейдегі спорт саласы жұмысының құрылымы жан-жақты қарастырылды.
Одан өзге, қатысушыларға Олимпиада ойындарындағы және басқа да ірі жарыстардағы кейстер, оның ішінде COVID-19 пандемиясы кезіндегі медициналық қызметкерлер мен менеджерлердің жұмысы туралы мысалдар айтылды.
Дәріс соңында Қазақстан ҰОК өкілдері студенттерге олардың оқу бағытына байланысты ғылыми зерттеулерді жүргізу, жалғастыру нұсқалары мен мансаптық перспектива бойынша ұсыным мен түсініктемелер берді.
«Біз NU-дың шақыруын қуана қабылдадық. Спорт ғылымы мен медицина ұзақ мерзімді басымдықта спорттың ең маңызды бағыты екені белгілі. Ғылымды әлемдік тенденцияға сай дамытпай, жақсы нәтижеге сенуге болмайтынын анық түсінеміз. Ғылым спортшылар, жаттықтырушы мен медицина қызметкерлері үшін білімнің қайнар көзі екенін атап өткім келеді. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, осы бағытта жұмыс істеуге деген құштарлығы қуантады. Өйткені отандық спортқа дәл осындай кадрлар ауадай қажет. Бүгінгі шәкірттер болашақта Қазақстанның спорт ғылымының көшбасшысы болып, спорттың дамуына зор үлес қосатынына сенімдіміз», – деді Бектұр Қиятбай.