Қызылорда облысы - ел спортының дамуына ерекше үлес қосқан аймақ, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Қамшыбек Қоңқабаев Қызылорда облысынан шыққан ең танымал боксшы. Ол бокстан Азия ойындарының күміс, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері. Азия чемпионатында 4 рет күміс алып, 2020 жылғы Токио Олимпиадасында қола медаль еншілеген.
Өңірден шыққан танымал олимпиадашылардың бірі - ауыр атлет Александр Зайчиков. Ол 2015 жылы Хьюстонда әлем чемпионы атанып, Рио Олимпиадасында қола жүлдегер атанды.
Қысқы спорттың ханшайымы - мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева да Қызылордадан түлеп ұшқан. Элизабет қазақ қыздары арасында тұңғыш рет әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2019) атанды. Сондай- ақ, Төрт құрлық турнирін мен Универсиадада күмісті еншіледі.
Қызылорда өңірі балуандарға да бай. Еркін күрес шебері Дәулет Ниязбеков үш дүркін Азия чемпионы атанып, әлем біріншілігінің күміс және қола жүлдегері атанған. Сонымен бірге, Ниязбеков Олимпиадада бақ сынады.
Еркін күрестен Рио Олимпиадасының 5-орын иегері Ғалымжан Өсербаев та осы өңірден шыққан. Ол Азияның қола жүлдегері саналады.
Грек-рим күресінің жарқын өкілі, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, 2021 жылғы Азия чемпионы Айдос Сұлтанғали алдағы Париж Олимпиадасында намысын қорғайды. Айдос Бішкектегі іріктеу сынында көзге түсті.
Каратэден Токио Олимпиадасының қатысушысы Мөлдір Жаңбырбай аталған спорт түрі бойынша қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Бұған дейін мұндай атақ отандық каратэшілердің бірде-біріне бұйырмаған. Жаңбырбай Ханчжоудағы Азия ойындарында күміс медаль алып, биыл Премьер-лига турнирлерінің жалпы есебінде жеңіске жетті.