Чемпиондар мекені: Қарағанды облысынан түлеп ұшқан танымал спортшылар

Чемпиондар мекені: Қарағанды облысынан түлеп ұшқан танымал спортшылар

Отандық спорттың дамуына орасан зор үлес қосқан аймақтардың бірі – Қарағанды облысы. Аталған өңір мықты бокс мектебімен, бокс пен күрес және жеңіл атлетикадағы жетістіктерімен мақтанады, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Қарағанды облысының бокс мектебі әлемге әйгілі атлеттерді дайындады. Олардың алғашқысы – Василий Жиров. Балқаштан шыққан танымал  боксшы 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында чемпион атанды. Одан бөлек, әуесқой бокстан әлем чемпионатының екі мәрте қола жүлдегері (1993,1995) және Азия чемпионы (1995). Жиров жазғы Азия ойындарында қола жүлдеге қол жеткізген. Кейін спортшы кәсіби бокста бақ сынады. 

Өңірден шыққан әлемдегі ең танымал боксшылардың бірі  - Геннадий Головкин. Ол бокстан 2004 жылғы Афины Олимпиадасының  күміс жүлдегері, әлем чемпионы (2003), әлем кубогінің күміс және қола жүлдегері, Азия чемпионаты (2004) мен Азия ойындарының (2002) жеңімпазы. Кәсіби бокста 45 кездесу өткізіп, 42-де жеңіске жеткен. 37 жекпе-жекті нокатупен аяқтады. Бүгінде Геннадий Головкин Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетін басқаруда. 

Қарағанды облысынан түлеп ұшқан тағы бір даңқты боксшы – Серік Сәпиев. Ол 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, Вэлл Баркер кубогінің иегері. Екі дүркін әлем чемпионы (2005,2007), әлем чемпионаттарының күміс (2011) және қола (2011) жүлдегері.  2010 жылы Гуанджоуда өткен жазғы Азия ойындарында топ жарған. Сондай-ақ,  Сәпиев Азия чемпионаттарында екі алтын жеңіп алды (2007, 2009).

Қарағанды бокс мектебінің мықтылығын дәлелдеген кезекті спортшы – Серік Елеуов. Ол Афины Олимпиадасында 60 келі салмақта қола медаль алды. Сонымен қатар, 1999 жылғы Азия біріншілігінде үздік үштікке енген. 

Абай бокс мектебінен түлеген жас таланттардың бірі – Абылайхан Жүсіпов. Боксшы 2014 жылы Нанкинде өткен жасөспірімдер Олимпиадасында чемпион атанды. Әлем  біріншіліктерінде қатарына үш рет қола жүлде иеленді (2017, 2019, 2021). Рио және Токио Олимпиадаларында бақ сынаған. 

Қарағанды спортының даңқын асырған атлеттедің бірі – Дмитрий Карпов. Онсайысшы 2004 жылғы Афины Олимпиадасының қола жүлдегері. Әлем чемпионатында 3 рет қола медаль еншілеген, жазғы Азия ойындарында 2 рет чемпион атанған (2006,2010). Екі дүркін Азия чемпионы. Бүгінде Карпов жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері. 

Балуан қыз Эльмира Сыздықов да Қарағанды облысының атын шығарды. Ол әйелдер күресінен 2016 жылғы Рио Олимпиадасы мен 2018 жылғы жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері, 2 дүркін Азия чемпионы. Одан бөлек, Азия біріншіліктерінен 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алған. 

Талантты дзюдошылар Жансай Смағұлов пен Ислам Бозбаев та осы өңірдің тумасы. Екі балуан да әлемдік Grand Slam турнирлерінде үздіктер қатарынан көрінді. Екеуі де Олимпиада ойындарында бақ сынаған. 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов америкалық ірі технологиялық компаниялардың бірі EPAM Systems директорлар кеңесінің төрағасы, бас...