Астанада Халықаралық Олимпиада күнін тойлау аясында өткен су добынан арнайы турнир аяқталды, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Жарыс «Барыс Арена» аумағындағы бассейнде өтті. Мерекелік жарысқа 15 команда қатысты: 2013 жылы туылған 11 жасөспірімдер командасы және 2011 жылы туылған 4 қыздар командасы.
Әрбір аймақтық құрама 15 спортшыны жарысқа қосу мүмкіндігін алды. Матчтар бірнеше күнге созылып, финалдық ойын 20 маусымда өтті. Алтын медаль үшін өткен кездесуде Астана мен Көкшетау командалары қатысқан болатын.
Нәтижесінде, астаналық ватерполшылар жеңіке жетті. Көкшетаулық спортшылар турнирді күміспен аяқтаса, қоланы Батыс Қазақстан облысы еншіледі.
Жас атлеттерді марапаттау рәсімін жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин жүргізді.
Айта кетелік, аталған турнир Халықаралық Олимпиада күнін тойлауға арналған ҰОК іс-шараларының бірі. Ертең, 22 маусым күні Астанад интерактивті хоккей бәсекесін қабылдайды. Бірегей жарыс хоккей модулінде өтеді.
23 маусым күні Астанадағы Орталық саябақта ашық бассейнде жүзуден Iswim арнайы жарысы өтеді. Одан бөлек, Триатлн саябағында триатлоннан және 3х3 баскетболдан жарыс ұйымдастырылады. Сондай-ақ, іс-шараны көруге келген қонақтарға арнап көркем гимнастика, брейкинг, таеквондо және бокстан қойылымдық нөмірлер көрсетіледі.