Қазақстандық көркем гимнастика өкілдері 2004 жылғы Афины ойындарынан бері жазғы Олимпиадаға үзбей қатысып келеді. Афины және Бейжің ойындарында отандық гимнастика ханшайымы Әлия Юсупова бақ сынап, ел тарихындағы ең жоғарғы нәтижені тіркеген. Содан кейін оның шәкірттері Лондон, Рио, Токио Олимпиадаларында ел намысын қорғады. Ал Париж ойындарында ең сұлу спорт түрінен Эльжана Таниеваға сенім артамыз, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Эльжана Таниева 19 жаста. Көркем гимнастика өкілдері үшін бұл жас нағыз Олимпиадаға қатысатын кезеңді білдіреді. Себебі, аталған спорт түрінде спортшылар «зейнетке» ертерек шығады. Яғни, бұл өте жас спорт түрлерінің бірі.
2021 жылы Токио Олимпиадасы аяқталған соң, құраманың сол кездегі үздігі Алина Әділханова да спортпен қоштасты. Осылайша, командаға жаңа көшбасшы келді. Ол – Эльжана еді.
Таниева ересектер арасына өткен бойда жақсы нәтиже көрсете бастады. Ол Азияның үш дүркін чемпионы (2022, 2024). 2022 жылы Таиландтың Паттайя қаласында өткен құрлық додасында 1 алтын, 2 күміс еншіледі. Араға жыл салып Филиппиннің Манила қаласында өткен Азия біріншілігінде 4 күміс, 2 қола медаль еншіледі.
Одан бөлек, 2022 жылы Болгарияда өткен әлем чемпионатында Эльжана Таниева көпсайыс қорытындысы бойынша алғашқы ондыққа кіріп, 8-орын иеленді. Бұл отандық көркем гимнастика шеберлерінің әлемдік додада көрсеткен ең үздік нәтижелерінің бірі.
2023 жыл да Таниева үшін айтарлықтай табысты өтті. Әлия Мақсұтқызының жетекшілігімен дайындалатын ол Ханчжоудағы Азия ойындарында екі күміс медаль еншіледі. Алдымен командалық жарыста күміске қол жеткізген Эльжана жекелей көпсайыста өзбекстандық Тахмина Икромоваға ғана есе жіберді.
2023 жылы Испанияның Валенсия қаласында өткен әлем чемпионатында көркем гимнастикадан Париж Олимпиадасының алғашқы жолдамалары өз иесін тапты. Өкінішке қарай, бұл бәсеке біздің гимнаст үшін сәтсіз аяқталды. Осылайша, Таниева 2024 жылы Ташкентте өтетін соңғы лицензиялық Азия чемпионатына тынымсыз дайындада бастады.
Ташкентте өткен құрлық додасында жекелей сында жалғыз жолдама сарапқа салынды. Бұл квота көпсайыстан жеңіске жеткен спортшыға ғана берілетін. Эльжана Таниева өзіне артылған жауапкершілікті абыроймен алып шықты. Ташкент төрінде біздің спортшымыз көпсайыстан жеңімпаз атанып қана қоймай, шығыршықпен жаттығудан Азия чемпионы атанды.
«Азия чемпионаты аяқталып, көпткен күткен Олимпиада жолдамасына қол жеткізгенім үшін бақыттымын. Бапкерім Әлия Мақсұтқызымен бірге бұл жарысқа тынбай дайындалдық. Бағдарламаның бір жерін қиындатып, бір жерін ауыстырып, тұрақтылықты реттеуге күш салдық. Ұзақ сөйлестік. Бәрінің сәтті аяқталғанына, көпсайыстағы төрт бағдарламаны да қатесіз орындап шыққаныма қуаныштымын. Көпсайыстан алтын алғаным да мерейімді өсіріп тастады, бұлай болады деп ойламап едім. Көптен күткен квотаға қол жеткізгенімізге әлі де сене алар емеспін. Әлем чемпионатынан кейінгі жарты жыл моральдық тұрғыда оңайға соқпады. Жолдама мәселесі шешілмеген соң, арқамда жүк тұрғандай болды», - дейді Эльжана.
Бүгінде Эльжана Таниева Италияның Милан қаласындағы әлем кубогінің соңғы кезеңіне қатысуда. Бұл бәсекеге дейін ол бапкері Әлия Мақсұтқызымен бірге бағдарламаны қиындатып, өзгерістер енгізді.
«Азия чемпионаты физикалық және эмоционалдық тұрғыдан бізге ауыр соқты. Әсіресе, Эльжанаға оңай болған жоқ. Ол квота алу үшін бар күшін салып, жауапкершілікті абыроймен атқарып шықты. Енді Таниеваның бағдарламасын өзгертіп, қиындатамыз. Олимпиадаға дайындық басталады, бар күшімізді саламыз. Қазақстан намысын абыроймен қорғау үшін аянып қалмаймыз.Италиядағы әлем кубогінде жаңарған, қиындаған бағдарламаны бақылап көреміз. Содан соң, әрі қарай кем-кетігімен жұмыс істейміз», - деді Юсупова.
Айта кетелік, Париж Олимпиадасында көркем гимнастикадан үздік 24 спортшы бақ сынайды.