Ауыл шаруашылығы министрлігінің Заң қызметі департаменті Әділет министрлігінің өкілдерімен бірлесіп, Министрлік қызметкерлері мен оның аумақтық бөлімшелерінің мамандарына арналған практикалық семинар өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шара заңдылықты сақтау, құқықтық мәдениетті нығайту және мемлекеттік институттарға деген қоғамдық сенімді арттыруды көздейтін «Заң және тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттау аясында ұйымдастырылды.
Семинардың негізгі мақсаты – қызметкерлердің нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) нормаларын түсіндіру.
Семинар барысында Әділет министрлігінің өкілдерімен өзекті мәселелер талқыланып, құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру жолдары қарастырылды. Сонымен қатар қатысушыларға ӘРПК нормалары мен талаптары түсіндірілді.
Кездесу барысында әкімшілік рәсімдерді заңнама талаптарына сәйкес жүргізудің, қабылданатын шешімдердің заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз етудің, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы тиімді өзара іс-қимылды жолға қоюдың маңыздылығы атап өтілді.


