Кувейтте өтіп жатқан семсерлесуден Азия чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін сәтті жалғасуда. Бүгінге дейін біздің команда спортшылары 1 алтын және 2 қола медаль жеңіп алды. Шпагадан ерлер арасындағы жекелей сында Ерлік Сертай қола медаль иеленсе, саблядан командалық жарыста Қазақстан ерлер құрамасы үздік үштікті тұйықтады. Ал шпагадан ерлер арасындағы командалық бәсекеде Қазақстан араға 9 жыл салып, Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Шпагадан Қазақстан ерлер құрамасы өз тарихындағы ең сәтті маусымын өткізіп жатыр. Әлем кубогі кезеңдерінде жүлдеге ілігіп, Азия ойындарында финалға жетіп, Париж Олимпиадасына жолдама алған төрттіктің еншісінде енді құрлық додасының алтын медалі де бар. Ерлік Сертай, Эльмир Алимжанов, Руслан Курбанов пен Вадим Шарлаимовтан құралған команда Кувейт төрінде көк байрағымызды көтеріп, әнұранымызды шарықтатты.
Биылғы Азия чемпионатындағы жеңістің басты артықшылығы – құрлықтағы ең басты қарсыластың бірі, әлем үздіктері және қазіргі Олимпиада чемпиондары Жапония құрамасынан басым түскеніміз. Кувейттегі турнирде шпагашылар азулы Өзбекстан және Гонконг командаларын да жеңіп кетті.
«Соңғы рет біз 2015 жылы Азия чемпионы атандық. Сол кездегі құрамда Руслан Курбанов екеуміз болғанбыз. Ал биыл командадағы екі ойыншымыз өзгерді. Осылайша, тоғыз жылдан соң алтын медаль бізге, біздің командаға, Қазақстанға қайта оралды. Осы маусым біздің команда тарихындағы ең сәтті кезеңдердің бірі. Азия чемпионатының алтын медалі тартысты әрі табысты маусымның тағы бір дәлелі. Енді біз Париж Олимпиадасында осы биігімізден түспеуге тырысамыз. Бұл чемпиондық атақ біздің әлемдік рейтингтегі жағдайымызды жақсарта түсті. Қазір Қазақстан командасы әлемдік рейтингте төртінші орында тұр. Ал рейтингте мейілінше жоғары болу арқылы Олимпиада жеребесінің сәтті түсуіне жол ашамыз. Одан бөлек, бұл біздің әлемдегі мықты командалардың бірі екенімізді көрсетеді. Жапония құрамасына келер болсам, бұл әлемдегі үздік командалардың бірі. Олимпиада чемпионы деген атақтың өзі не тұрады? Біз биылғы маусымда жапондармен бес рет кездесіп, соңғы екеуінде жеңіске жеттік. Шыны керек, бұл жеңіс бізге үлкен сенім сыйлап отыр. Сондықтан, әлемдегі барлық қарсыластар бізбен санасады деп ойлаймын. Қазір бізді Испанияда өтетін үлкен жаттығу жиыны күтіп тұр. Содан соң, Парижге жол тартамыз», - дейді команда капитаны Эльмир Алимжанов.
Шпагадан ерлер арасындағы жекелей сында Ерлік Сертай өз мансабындағы тұңғыш ірі медалін – қола жүлдесін жеңіп алды.
«Бұл менің ересектер чемпионатындағы алғашқы медалім. Азия біріншілігі маған эмоционалды және психологиялық тұрғыдан айтарлықтай қиын болды. Әсіресе, бар күшіңді бірден сарп етпей, ең соңына дейін үнемдеп жұмсау оңай болмады. Жарыс нәтижесі өте маңызды болғандықтан, бұл жеңістің құны мен үшін алтын медальмен бірдей. Қандай медаль алғанымнан емес, қалай семсерлескенімнен ерекше ләззат алдым», - дейді алғашқы сезімдерін бөліскен спортшы.
Турнир барысында Ерлік Сертай Иран, Ирак, Қытай және Қазақстан өкілдерімен кездесті. Жартылай финалда гонконгтық спортшыға есе жіберді.
Саблямен семсерлесуден Қазақстан ерлер командасы да Азия үздіктерінің қатарына сеніммен кірді. Турнирдің негізгі айналымында біздің команда Өзбекстан мен Жапонияны жеңіп, жартылай финалда Иранға жол берді.
Құрлық додасында Бақдәулет Құралбекұлы, Артем Саркасян, Саттархан Назарбай, Жанат Нәбиевтер ел намысын қорғаған.
Команда капитаны Артем Саркисянның айтуынша, бұл медальға қол жеткізу айтарлықтай қиын соққан.
"Турнир біз үшін жеңіл болмады. Әсіресе, 1/8 айналым мен ширек финалдағы қарсыластар өте мықты. Алдымен Өзбекстанды, кейін Жапонияны жеңдік. Біздің командамыз қазір бабына еніп келеді.Қазір командалық түсінік қалыптасып келеді. Бір-бірімізді жақсы түсіне бастадық. Біздің командамыз әлемде өте жас саналады. Жартылай финалда Иран құрамасымен кездескенде бізге сәл ғана тәжірибе жетпей қалды", - дейді Артем.
Мемлекеттік жаттықтырушы Тимур Байтасов нояндардың бұл жетістігін жоғары бағалап отыр.
«Азия чемпионаты спортшылардың рейтингі үшін өте маңызды. Олимпиада жеребесі рейтингке байланысты тартылады. Сондықтан, рейтингте жоғары ұпай жинап, мейілінше жоғары орналасу әрбір спортшы үшін маңызды. Медальдан әлі үміттіміз. Ал шпагадан Азияның алтынын біз 9 жыл күтттік. Бұл көптен күткен жеңіс», - деді Байтасов.
Айта кетелік, Париж Олимпиадасында шпагадан Қазақстан ерлер құрамасы мен сабляшы Айгерім Сарыбай сынға түседі.