Қазақстан ҰОК пен ҚР спорт және туризм министрлігі құраманың олимпиада ойындарына дайындығын талқылады

Қазақстан ҰОК пен ҚР спорт және туризм министрлігі құраманың олимпиада ойындарына дайындығын талқылады

Астанада ҚР туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев пен Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкиннің кездесуі өтті, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесудің басты тақырыбы – жазғы ойындарға дайындықтың соңғы кезеңі, сондай-ақ, ҰОК пен Министрлік қызметкерлерінің төртжылдықтың басты додасына дайындық деңгейі болды.

Бұған дейін екі ұйым басшылары арасында спорттық делегацияны жасақтау барысында бапкерлер мен кешенді ғылыми топ мүшелеріне (дәрігерлер, массажшылар) басымдық берілетіні жайлы келісім жасалған. Осылайша, Париждегі Олимпиада ойындарына қанша атлет аттанса, сонша бапкер мен медициналық қызмет мамандары жол тартады.

Екеуара әңгіме барысында туризм және спорт министрі мен Қазақстан ҰОК басшысы отандық спортты дамытып, ұлттық құрама халықаралық деңгейде, оның ішінде, жаңа олимпиадалық циклде жақсы нәтиже көрсету үшін күш біріктірудің маңызды екенін тағы да атап өтті. Жұмыстың нақты жоспары Париждегі Олимпиада ойындары аяқталған соң талқыланбақ.

Сондай-ақ, Геннадий Головкин Қазақстан ҰОК командасының Астанада өтетін ауқымды іс-шара кезінде халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдесіп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ