Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ел көлемінде кеңінен қолдау тауып, қоршаған ортаны қорғау мен санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған маңызды іс-шаралардың біріне айналды. Осы игі бастаманы жалғастыру мақсатында Әл-Фараби ауданы аумағында кезекті сенбілік ұйымдастырылды.
Сенбілік жұмыстары Қаратау ауданына қарасты Тассай тұрғын алабы мен Мирас шағынауданында, сондай-ақ орталық көшелерде қарқынды түрде жүргізілді. Іс-шараға барлығы 60-тан астам адам қатысып, 7 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Тазалық жұмыстары барысында аумақтардағы тұрмыстық және құрылыс қалдықтары, қураған ағаш бұтақтары мен жиналмай қалған қоқыстар толықтай шығарылды. Нәтижесінде 47 тонна көлеміндегі қоқыс арнайы полигонға жеткізілді.
Мұндай сенбіліктердің негізгі мақсаты – қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тазалыққа деген жауапкершілікті арттыру және қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсарту.
Сенбілікке қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар тек қоқыс жинаумен шектелмейді, ол адамдардың табиғатқа көзқарасын өзгертеді. Әсіресе жастардың белсенділігі зор үлгі болды. Олар үлкендермен бірге аумақтарды тазалап, үлгі көрсетті. Осындай акциялар тұрақты өткізілсе, қалада санитарлық жағдай жақсарып қана қоймай, тұрғындардың тұрмыс сапасы артады. «Таза Қазақстан» — әрбір азаматтың туған жеріне деген жанашырлығын көрсететін ортақ іс.
Құрметті тұрғындар!
Аула мен қоршаған ортаның тазалығы — әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Таза әрі жайлы өмір сүру үшін баршаңызды тәртіп пен тазалықты сақтауға шақырамыз. Қаламыздың көркеюі үшін күн сайын еңбек етіп жүрген коммуналдық қызмет мамандарының еңбегін құрметтеп, олардың жұмысына түсіністікпен қарап, өз аулаларымыз бен көшелерімізді таза ұстауға барынша атсалысайық.
Ұмытпайық, тазалық – өзімізден басталады!

