Түркістанда тазалық мәдениеті күшейіп келеді: 20 мыңнан астам хаттама толтырылды

Түркістанда тазалық мәдениеті күшейіп келеді: 20 мыңнан астам хаттама толтырылды

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Аталған бағдарлама – тек бір реттік шара емес, ол өңірдің қоршаған ортасын жақсартуға бағытталған кешенді жоспар екенін көрсетіп отыр.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен соңғы мәжілісте бағдарламаның орындалу барысы кеңінен талқыланды. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, нақты көрсеткіштерді жария етті. Оның айтуынша, соңғы бір аптаның өзінде өңірде 173 тазалық шарасы өтіп, оған 58 мыңнан астам тұрғын қатысқан. Сенбілік нәтижесінде 173 тонна қоқыс шығарылып, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау деңгейі де арта түсті.

Бағдарламаның маңызды тұстарының бірі – бұқараны, әсіресе жастарды экологиялық мәдениетке тарту. Осы мақсатта облыста «Jas Turkistan» еріктілер ассоциациясы құрылып, оның аясында өңірдегі түрлі ерікті ұйымдар біріктірілді. Бүгінде бұл қауымдастық 6 негізгі бағыт бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде, облыста 253 сенбілік, 17 семинар-тренинг, 29 экоплогинг, 23 спорттық жарыс, 9 экочеллендж және 7 экомарафон ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 1000-нан астам экологиялық брошюралар мен үнпарақтар таратылған.

Айрықша атап өтерлік жайт — өңірдің танымал спортшыларының бұл бастамаға белсенді қатысуы. Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов, армрестлинг шеберлері, сондай-ақ Сағындық Тоғамбай, Ұлжан Сәрсенбек және Дидар Хамза секілді спорт саласының өкілдері тұрғындарды табиғатты аялауға шақырып, өз үлестерін қосуда.

Бағдарламаның тиімділігін арттыру мақсатында «TazaQazBot» ақпараттық жүйесі іске қосылған болатын. Бүгінгі күнге дейін бұл жүйеге 2928 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 2920 өтінім орындалып, 8 өтінім орындалу сатысында. Бұл – халықтың белсенділігі мен жергілікті биліктің ашықтыққа ұмтылысын дәлелдейтін көрсеткіш.

Сонымен қатар, санитарлық талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қабылдануда. 2025 жылдың басынан бері облыс аумағында қоғамдық орындарда тәртіп бұзған азаматтарға 20 169 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 455 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Бұл көрсеткіш – жергілікті биліктің экологиялық тәртіпті сақтау мәселесіне бейжай қарамайтынын, қажет болған жағдайда заң аясында қатаң шара қолданатынын аңғартады.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы – Түркістан облысында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықтың өмір сапасын арттыру және қоршаған ортаны қорғау бағытында іске асырылып жатқан кешенді бастама. Оның тиімді жүзеге асуы – тұрғындардың белсенділігімен, жергілікті әкімдіктер мен жауапты органдардың үйлесімді жұмысымен байланысты.

Мұндай кешенді шаралар арқылы өңірде экологиялық мәдениет қалыптасып, тұрғындар өз ортасының тазалығына бей-жай қарамайтын деңгейге жетіп келеді. Түркістан облысы бұл тұрғыда өзге өңірлерге үлгі боларлық тәжірибе жинақтауда. Алдағы уақытта бұл бастаманың ауқымы кеңейіп, ел көлемінде тұрақты экологиялық сана мен тәртіптің орнауына ықпал етері анық.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...