Шымкентте жаңа өндіріс орны ашылмақ

Шымкентте жаңа өндіріс орны ашылмақ

Шымкент қаласында болат құбыр өндіретін зауыт салу жоспары талқыланып, бұл бағыттағы нақты бастамалар қолға алынуда. Қала әкімдігі мен Қытайдың ірі өнеркәсіптік компанияларының бірі – «Tianjin Youfa Steel Pipe Group Co. Ltd.» арасындағы кездесуде инвестициялық жобаның егжей-тегжейі таныстырылды. Жоба аясында заманауи өндіріс желілерін іске қосып, қаланың экономикалық әлеуетін арттыру көзделіп отыр.

Жоспарланған зауытта түрлі диаметрдегі түзу жіксіз болат құбырлары өндіріледі. Өндірістік қуаты жылына 200 мың тонна болат өнімін құрайды. Бұл – Қазақстандағы құбыр өнімдеріне деген сұранысты ішінара өтеуге ғана емес, экспорттық әлеуетті де арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, зауыт жұмысы барысында 170 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Бұл жаңадан білікті мамандар даярлауға, жергілікті халықты еңбекпен қамтуға оң әсерін тигізбек.

«Tianjin Youfa Steel Pipe Group Co. Ltd.» – болат өнімдерін шығару саласында әлемдік деңгейде танымал компания. Қазіргі таңда олар 290 өндірістік желіге иелік етеді және жыл сайын 300 мың тоннаға жуық өнімді 100-ден астам елге экспорттайды. Компанияның өнімдері сапасы, төзімділігі және стандарттарға сәйкестігімен ерекшеленеді. Енді бұл технологиялық тәжірибе Шымкент қаласында да жүзеге асуы мүмкін.

Кездесуде тараптар зауытты салуға қатысты техникалық, заңдық және инфрақұрылымдық мәселелерді талқылап, қажетті қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Қала әкімдігі инвесторлармен серіктестікті нығайтуға және өндірісті тиімді іске асыруға жан-жақты жағдай жасайтынын нақтылады.

Мұндай ауқымды жоба Шымкенттің өндірістік бағытын жаңғыртып, жаңа технологияларды тартуға жол ашады. Сондай-ақ, болашақта жергілікті кадрларды оқытып, зауыт жұмысына тарту арқылы өңірдегі маман даярлау жүйесі де дами түседі. Экономика мен әлеуметтік тұрақтылықтың негізі саналатын өнеркәсіптік жобалар қала келешегінің қарқынды дамуына серпін бермек.

Шымкенттің инвестициялық тартымдылығы жыл өткен сайын артып келеді. Заманауи зауыттар мен өндірістік кешендер қаланың инфрақұрылымын жаңғыртып, өңірдің даму қарқынын арттыруда шешуші рөл атқармақ. Ал болат құбыр шығаратын жаңа зауыт – соның айқын бір дәлелі болғалы отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...