Шымкентте еңбек қауіпсіздігі мен жалақы мәселесі жіті бақылауда

Шымкентте еңбек қауіпсіздігі мен жалақы мәселесі жіті бақылауда

Шымкент қаласында еңбек қатынастары мен өндірістік қауіпсіздік мәселелері күн тәртібінен түспей келеді. 2025 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті тарапынан жүргізілген тексерулер бұл бағытта әлі де жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетті. Осыған орай, Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте департамент басшысы Жеңіс Тілләбайұлы Мақұлбаев өңірдегі еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелерді егжей-тегжейлі баяндады.

Жыл басынан бері Шымкент қаласында еңбек инспекциясы тарапынан 222 тексеру жүргізіліп, 162 заңбұзушылық анықталған. Оның 140-ы жойылса, 16 іс қаралу үстінде, алтауы сот орындаушыларының өндірісінде. Бұл заңбұзушылықтар негізінде 59 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 12,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Қазіргі уақытта оның 8,6 млн теңгесі мемлекет бюджетіне өндірілген.

Жалақы берешегі мәселесі де өткір күйінде қалып отыр. Қаланың 13 кәсіпорны 90 қызметкерге 133,46 млн теңге жалақы қарыз. Соның ішінде ең ірі берешектер:

  • «Шымкентхиммонтаж» ЖШС – 19 млн теңге (3 қызметкер),

  • «Total Industry» ЖШС – 4,7 млн теңге (4 қызметкер),

  • «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС – 5,7 млн теңге (7 қызметкер).

Банкроттық пен оңалту рәсіміндегі 8 кәсіпорынның 72 жұмыскері жалпы көлемі 102,3 млн теңге жалақы ала алмай отыр. Бұл – барлық жалақы берешегінің 77,3%-ын құрайды. Ең күрделі жағдай – «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС-не қатысты. Компания уәде бергенімен, жалақыны белгіленген мерзімде өтей алмады. Құжаттар жеке сот орындаушылары палатасына тапсырылып, іс бақылауда тұр.

Жыл басынан бері қалада 13 өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, 9 адам ауыр жарақат алып, 4 адам қаза тапты. Негізгі себептер – жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктер, жұмысшының өрескел абайсыздығы және жол-көлік оқиғалары. Барлық оқиға бойынша арнайы тергеулер жүргізіліп, құқық қорғау органдарына жолданған.

Қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру мақсатында түсіндіру жұмыстары, семинарлар мен алдын алу шаралары тұрақты түрде өткізілуде. Дегенмен, жалақы берешегі мен өндірістегі жарақат көрсеткіштерінің төмендемеуі еңбек саласындағы проблемалардың кешенді шешімін қажет ететінін көрсетіп отыр.

Шымкент қаласының Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті еңбек қауіпсіздігін арттыру және жұмысшылардың құқықтарын қорғау бағытында заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар жолдап үлгерді. Еңбек адамының қауіпсіздігі мен әділ еңбекақы алуы – мемлекеттің басты назарындағы мәселе болып қала бермек.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...