Шымкентте еңбек шарттарын цифрландыру мен жұмыс орындарын ашу көрсеткіштері төмен деңгейде қалып отыр

Шымкентте еңбек шарттарын цифрландыру мен жұмыс орындарын ашу көрсеткіштері төмен деңгейде қалып отыр

Шымкент қаласындағы еңбек қатынастары мен инвестициялық жобалардың іске асу барысы 2025 жылдың есептік кезеңінде Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің тұрақты бақылауында болды. Алайда аталған саладағы көрсеткіштер бірқатар күрделі мәселелерді көрсетіп отыр.

Ең алдымен, еңбек шарттарын цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатқанына қарамастан, кейбір кәсіпорындардың белсенділік танытпауы бұл процестің баяу жүруіне себеп болуда. Қазіргі таңда Шымкент қаласында тіркелген 14 160 белсенді кәсіпорынның тек 11 622-сі (82%) ғана өз жұмысшыларының шарттарын Бірыңғай есепке алу жүйесіне тіркеген. Ал бұл кәсіпорындардағы жалпы 199 990 жұмыскердің 173 620-сы (87%) ғана жүйеде көрініс тапқан.

Аталған көрсеткіштерден белгілі болғандай, кейбір кәсіпорындар мүлдем тіркелмеген немесе уақытша тоқтап тұрғандықтан, жүйеден тыс қалған. Осы орайда еңбек инспекциясы тіркелмеген субъектілердің нақты тізімін жасап, олардың әрқайсысымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бағытта көрсеткіштерді толық орындау мақсатында жоспарланған шаралар күшейтілетіні де атап өтілді.

Еңбек инспекциясы тарапынан сондай-ақ қаладағы ауқымды инвестициялық жобаларға мониторинг тұрақты жүргізілуде. Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының дерегінше, Жалпыұлттық пул шеңберінде құны 4 трлн теңге болатын 105 инвестициялық жоба жоспарланған. Бұл жобалар 17 253 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді. Алайда есептік кезеңде іске қосылған нақты жұмыс орындарының саны бар болғаны – 861 ғана.

Қазіргі уақытта:

  • 25 жоба іске асырылуда,

  • 80 жоба жүзеге асыру сатысында тұр.

Министрдің тапсырмасына сәйкес, 37 инвестициялық жобаға еңбек инспекторлары жеке жауапты ретінде бекітілген. Бұл жобаларда ашылуға тиіс жұмыс орындары – 2 984 болса, жүйеде тіркелген шарттар саны – 5 505. Бұл бірқатар жобаларда шарттардың нақты жұмыс орындарына сай келмейтінін немесе есепте артықшылық орын алғанын көрсетеді.

Еңбек инспекциясы анықтағандай, кейбір ірі жобаларда жұмыс орындары мүлде ашылмаған. Мысалы:

  • «Отрар Констракшн» ЖШС,

  • «Кока-Кола Алматы Ботлерс» БК» ЖШС,

  • «Qz Сhemical Impex» ЖШС,

  • «Евро Знак» ЖШС,

  • «Сабаева Г» ЖК,

  • «БКА-Бетон» ЖШС.

Бұл компаниялар өздеріне жүктелген инвестициялық міндеттемелерді орындамаған. Қала әкімдігі мен салалық басқармалар бұл жобалармен жұмысты қайта жандандыруға ниетті.

Сонымен қатар, 2025 жылдың есептік кезеңінде департамент тарапынан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ауқымды жүргізілді. Атап айтқанда:

  • 225 азамат жеке қабылданып, кеңес берілді,

  • 43 семинар-кеңес өтті,

  • Жергілікті телеарналарда 10 сұхбат берілді,

  • Әлеуметтік желілерде 32 ақпараттық жазба жарияланды,

  • 3 дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Барлық ақпараттар Facebook және Instagram парақшалары арқылы көпшілікке қолжетімді етілуде.

Осылайша, еңбек шарттарын цифрландыру мен жаңа жұмыс орындарын құру бағытында нақты шаралар қабылданып жатқанына қарамастан, олардың орындалу деңгейі мен нәтижелілігі әлі де төмен болып отыр. Бұл өз кезегінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғауда жүйелі бақылау мен ашықтықтың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетіп отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...