Түркістан облысының Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған жаңа инвестициялық жобаның іргетасы қаланды. «Tangshan Huating Ceramics Co., LTD.» компаниясы жүзеге асыратын бұл жоба – сиырдың сүйегін өңдеп, желатин және пептон секілді биологиялық белсенді қоспаларды өндіретін алғашқы зауыт болмақ. Жаңа кәсіпорынның капсуласын облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен шетелдік инвесторлар бірлесе салды. Бұл бастама тек Түркістан өңірі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды оқиға болып отыр.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласына шетелдік инвестиция тарту және өнімдерді терең өңдеуді дамыту туралы нақты тапсырма берген. Түркістан облысы бүгінде агроөнеркәсіп кешенінің көптеген көрсеткіштері бойынша республикада алдыңғы орында. Алайда терең өңдеу бойынша әлеует толық пайдаланылмай келеді. Бұл бағыттағы жаңа зауыт сол олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік береді.
Зауыт іске қосылғанда жылына 5 мың тоннаға дейін желатин және пептон өнімдері шығарылатын болады. Бұл – қазіргі таңда елімізде өндірілмейтін өнімдер қатарынан. Осы жобаның нәтижесінде бір мезгілде бірнеше мәселе шешіледі: мал шаруашылығы қалдықтарын тиімді өңдеу, импортқа тәуелділікті азайту, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашу және өңір экономикасын әртараптандыру. Сонымен қатар, зауытта халықаралық стандарттарға сай заманауи технологиялар қолданылып, шетелдік тәжірибе енгізілмек.
Атап өтерлігі, жоба құны 9 миллиард теңгені құрайды. Зауыт 10 гектар аумақта орналасып, толық іске қосылғанда шамамен 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Бұл – Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін күшейтуге зор үлес қосатын көрсеткіш. Өндіріс орнының құрылыс жұмыстары 2026 жылға дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Жаңа өндірістік кешен сиыр сүйегінен биологиялық белсенді заттарды алуға маманданбақ. Пептон – фармацевтика мен тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылатын ақуыз гидролизаты, ал желатин косметология, тамақ өнеркәсібі және медицинада кең сұранысқа ие өнім. Осылайша, зауыт болашақта отандық және шетелдік нарықтарда жоғары сұранысқа ие өнімдерді экспорттауға мүмкіндік береді.
Нұралхан Көшеров өз сөзінде бұл зауыт өңір индустриясын жаңа деңгейге көтеретінін және ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеудің үлгі жобасына айналатынын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, мұндай ауқымды жобалар шетелдік инвесторлардың сенімін арттырып, облыстың инвестициялық ахуалын жақсартуға ықпал ететінін жеткізді.
Жобаны жүзеге асыру бастамасын көтерген «Huating Biotechnology Co., LTD.» компаниясы бұған дейін де Қытайда бірқатар биотехнологиялық өндіріс орындарын табысты іске қосқан. Компания өкілдерінің айтуынша, Түркістан облысында мал шаруашылығы қарқынды дамыған және шикізат көзі жеткілікті болғандықтан, зауыт салуға бұл өңір өте тиімді саналады.
Жалпы алғанда, бұл жоба елімізде бұрын-соңды болмаған өндіріс түрін дамыту арқылы ауыл шаруашылығы саласының экологиялық, экономикалық және технологиялық деңгейін арттырады. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау мен ынталандыру шаралары мұндай инновациялық жобалардың табысты жүзеге асуына ықпал етуде.
Түркістан облысы индустриализация мен инвестиция тарту бағытында соңғы жылдары тың бастамаларға бет бұрып келеді. Жаңа зауыт – сол бастамалардың жарқын көрінісі. Алдағы уақытта мұндай өндірістік нысандардың саны артып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша Қазақстанның экспорттық әлеуеті айтарлықтай артады деп күтілуде.

