Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте білім беру нысандарының жаңа оқу жылына дайындығы және еңбек нарығындағы жағдай жан-жақты қаралды. Жиынға басқарма басшылары, аудан әкімдері мен жауапты сала өкілдері қатысты.
Білім басқармасының басшысы Гүлжан Сүлейменова жаңа оқу жылы қарсаңындағы дайындық жұмыстары туралы баяндады. Мәліметке сәйкес, 2025-2026 оқу жылында қаладағы білім беру мекемелерінің саны 1352-ге жетіп, 397 мыңнан астам оқушыны қамтиды. Қазіргі таңда 6 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Олардың үшеуін жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар 10 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Қала әкімі құрылыс пен жөндеу жұмыстарының сапасын бақылап, мерзімінде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, алдағы Тамыз конференциясына дайындық барысы да сөз болды.
Жиында жұмыспен қамту мәселесі де басты назарда болды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанар Өтебаева 2025 жылы 49,6 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланғанын айтты. Бүгінгі күнге дейін бұл шараларға 18,1 мың адам тартылып, жоспар 36,4 пайызға орындалған. Соның нәтижесінде, 2025 жылдың І тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрап отыр. Қала басшысы бұл бағыттағы көрсеткіштердің жеткіліксіз екенін айтып, халықты жұмыспен қамтуда жаңа тәсілдерді қолдануды тапсырды. Әсіресе жастарды еңбекке баулу және оларға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыру қажеттігін баса айтты.
Сонымен қатар жиында мемлекеттік сатып алу саласындағы ашықтық мәселесі қаралды. Қала әкімі бюджет қаржысының әр тиыны заңға сай, тиімді жұмсалуын талап етіп, қаржылық тәртіпті бұзған тұлғаларға қатаң шара қолданылатынын ескертті. Мемлекеттік сатып алу конкурстарының әділетті өткізілуі қала тұрғындарының сеніміне әсер ететін маңызды фактор екенін атап өтті.
Қала басшысы аппараттық мәжілісті қорытындылай келе, әрбір басқарма халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуі керектігін, көрсетілетін қызмет сапасы мен ақпараттық ашықтықтың маңыздылығын атап өтті. Әлеуметтік мәселелерді кешенді шешу арқылы қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыру басты міндет болып қала бермек.

