Шағын кәсіпті қолдауға арналған гранттар екінші кезеңде беріле бастады

Шағын кәсіпті қолдауға арналған гранттар екінші кезеңде беріле бастады

11 тамыздан бастап Шымкент қаласында қайтарымсыз грант берудің екінші легіне өтінім қабылдау басталды. Бұл бастама — жұмыссыз азаматтар мен кәсіпкерлікке ынталы әлеуметтік топтар үшін тиімді мүмкіндік. Мемлекеттік қолдау Business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады, ал барлық рәсімдер – онлайн форматта өтеді.

Грант көлемі — 400 АЕК немесе 1 572 800 теңге. Қаражат бір реттік негізде беріледі және оны тек бизнес ашуға немесе дамытуға бағыттау қажет. Грантты тұрмыстық қажеттіліктерге, несие жабуға, жылжымайтын мүлік алуға немесе акцизделетін өніммен айналысуға пайдалану рұқсат етілмейді.

Грантқа үміткер болу үшін екі негізгі шарттың біріне сай келу керек:
– жұмыссыз ретінде тіркелуі;
– немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 3 жылдан аспауы.

Сондай-ақ, қатысушылар келесі санаттардың біріне жатуы тиіс:
– мүгедектігі бар азаматтар;
– қандас мәртебесі бар тұлғалар;
– көпбалалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелері;
– мүгедек баланы тәрбиелеушілер;
– асыраушысынан айырылғандар;
– өңіраралық қоныс аударушылар.

Қосымша талап ретінде соңғы 3 жылда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін меңгергенін растайтын сертификат болуы тиіс.

Портал арқылы тіркелу барысында үміткерлер бизнес-жоспардың үлгісін жүктеп, толтырып, электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) өтінімге қол қояды. Жеке компьютері немесе интернеті жоқ азаматтар аудандық Мансап орталықтарында орналасқан өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштарын пайдалана алады.

Әрбір өтінім қалалық комиссия қарауына жіберіледі. Қатысушы бизнес-жоспарын қорғайды, жоба тиімділігі, өміршеңдігі және жаңа жұмыс орындарын құру әлеуеті сияқты өлшемдер бойынша бағаланады. Қабылданған шешім туралы ақпарат жеке кабинетке жіберіледі.

Өтінімі мақұлданған жағдайда тараптар шарт жасасып, қаражат тікелей үміткердің есепшотына аударылады. Алған қаражаттың мақсатты жұмсалуы бойынша тоқсан сайын есеп тапсыру міндетті.

Бұл грант – әсіресе, әлеуметтік жағынан әлсіз топтар мен жұмыссыздар үшін өз кәсібін бастауға арналған нақты мүмкіндік. Процестің ашықтығы мен қарапайым ережелер кәсіпкерлікке алғашқы қадам жасауға ниетті жандарға сенімді тірек болмақ.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...