Қазақстан Республикасының Спорт күніне орай Қызылорда облысында ерекше рух пен бәсекелестікке толы спорттық шара өтті. Тамыз айының үшінші жексенбісінде өңірдегі спорт мекемелерінің қызметкерлері арасында футзалдан облыстық турнир ұйымдастырылды. Бұл шара тек жарыс қана емес, өңір спортын дамытуға үлес қосып жүрген мамандардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына, ұжымдық рухты нығайтуға бағытталған маңызды бастама болды.
Турнирге облыс орталығы мен аудандардан құралған командалар қатысып, кәсіби деңгейге жуық ойын өрнегін көрсетті. Жарыс өте тартысты өтті, әр команда өз ауданының намысын абыроймен қорғауға тырысты. Нәтижесінде, шеберлігі мен ұйымшылдығы жоғары деңгейде көрінген “Қайсар” командасы бас жүлдеге ие болды. Екінші орынды Қармақшы ауданының құрама командасы жеңіп алса, үшінші орынға Қазалы ауданының құрамасы тұрақтады.
Жарыс қорытындысы бойынша бірнеше номинация иелері де анықталып, марапатталды. «Үздік ойыншы» атағы Қазалы ауданының ойыншысы Бақытжан Мәмбетжановқа бұйырды. «Үздік шабуылшы» ретінде “Жауынгер” командасынан Төлепов Төреби танылды. Ал “Үздік қорғаушы” номинациясы Қармақшы ауданы құрамасының мүшесі Айбек Серікбаевқа берілді. Ойын барысында мергендігімен көзге түскен “Қайсар” командасынан Талғат Сыздықов “Сұрмерген” атағына ие болды. Қақпа күзетінде үздік өнер көрсеткен “Қайсар” командасының қақпашысы Абай Дәутов “Үздік қақпашы” номинациясымен марапатталды.
Турнир барысында тек жеңіске жету ғана емес, командалардың өзара достығы, әділ бәсеке, кәсіби шеберлік пен спорттық мәдениет те жоғары бағаланды. Осындай форматтағы жарыстар аймақтың спорт саласында еңбек етіп жүрген мамандардың ынтасын арттырып қана қоймай, олардың еңбегіне деген қоғам назарын да күшейтеді.
Бұл бастама алдағы уақытта дәстүрге айналып, спорт қызметкерлерінің арасында денсаулықты нығайту мен ұжымдық байланысты тереңдетуге өз үлесін қосатыны сөзсіз.

