Түркістан облысында жалпыреспубликалық «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Бұл жолғы экологиялық іс-шара Төлеби ауданының Қасқасу, Ақмешіт, Біркөлік және Тұрбаз сынды табиғаты әсем демалыс аймақтарын қамтыды. Акцияның басты мақсаты – өңір тұрғындарының табиғатқа деген құрметін арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және өңірдің туристік әлеуетін қолдау.
Сенбілік Түркістан облысы әкімдігі бекіткен арнайы іс-шаралар жоспарына сәйкес өтті. «Эко акция» кезеңінде ұйымдастырылған бұл тазалық шарасына аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Лесбек Әуезханұлы бастаған 800-ден астам адам қатысты. Қатысушылар қатарында мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары, еріктілер мен белсенді тұрғындар болды. Іс-шара барысында демалыс аймақтарына апаратын жол бойлары, су арналары мен арықтар, табиғат аясындағы қоқыс қалдықтары тазартылып, тәртіп орнатылды.
Жалпы сенбілікке жеті техника тартылып, жиналған қалдықтар арнайы орындарға тасымалданды. Экологиялық нормаларға сәйкес тазартылған аймақтарда қоқыс жәшіктерін орнатуға арналған орындар белгіленіп, келушілерге 400 дана арнайы қап тегін таратылды. Бұл – әрбір азаматтың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған нақты қадам.
Сенбілік барысында тек тазалық жұмыстары ғана емес, түсіндіру және алдын алу шаралары да қатар жүргізілді. Түркістан облысы полиция департаментінің бастамасымен демалушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, табиғатқа зиян келтірмеудің маңыздылығы түсіндірілді. Демалыс орындарында дауысзорайтқыштар арқылы тұрақты ескертулер жасалып, азаматтарға қоқысты арнаулы орындарға тастау – мәдениеттің көрсеткіші екені ескертілді. Ережеге бағынбаған тұлғаларға қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылды.
Профилактикалық шараға полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Б. Айтпаев, Төлеби аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғ. Қуашбаев, жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Е. Усербаев және әкімшілік полиция басқармасының бастығы Қ. Рахишев қатысып, тұрғындарға экологиялық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша кеңес берді.
Табиғатты қорғау мақсатында Қасқасу демалыс аймағына кіретін жол бойына шлагбаум орнатылды. Бұл – көліктердің бақылаусыз кіруін шектеу, табиғи аумақтың сақталуын қамтамасыз ету және заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында қабылданған шешім. Келешекте бұл шлагбаум экобақылау жүйесіне қосылып, толыққанды цифрлық қадағалауға алынуы да жоспарда бар.
Сенбілік шеңберінде балалар мен жастар үшін де экологиялық танымдық шаралар өтті. Жастар ұйымдары өкілдері тарапынан өткізілген тренингтерде экосана, табиғатты аялау, қоқысты сұрыптау және оны қайта өңдеу туралы пайдалы ақпараттар ұсынылды. Мұндай тәжірибе өскелең ұрпақтың табиғатқа деген көзқарасын оң бағытқа өзгертетіні анық.
Сонымен қатар, сенбілік кезінде заңбұзушылықтарға жол берген бірнеше тұрғынға ескерту жасалып, кейбіріне айыппұл салынды. Мұндай тәжірибенің енгізілуі алдағы уақытта экологиялық тәртіпті сақтауға елеулі серпін беретіні сөзсіз.
Төлеби ауданында өткен бұл сенбілік — тек қоқыс жинау науқаны ғана емес, бұл — азаматтардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертуге бағытталған қоғамдық үндеу. Табиғат — халқымыздың игілігі. Оны аялау, қорғау және болашақ ұрпаққа таза қалпында жеткізу — әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Сондықтан да мұндай сенбіліктердің жиі өтуі және олардың тәрбиелік мәні — айрықша маңызды. Алдағы уақытта бұл тәжірибе өзге аудандарда да жалғасып, экологиялық мәдениеттің деңгейі арта түспек.

