Қызылорда қаласында ұлы ақын, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ерекше тағзым шарасы өтті. Шара барысында облыс орталығындағы №2 Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мектеп алдында орналасқан ескерткішке гүл шоқтары қойылып, рухани ықылас білдіру рәсімі өтті. Бұл іс-шара — ел болашағы саналатын жастардың тарихи тұлғаларға деген құрметінің, ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі болды.
Шараға облыс әкімдігі өкілдері, зиялы қауым, мектеп оқушылары мен студенттер, қоғам белсенділері және қала тұрғындары қатысты. Қатысушылар ұлы ақынның ұлт руханиятындағы орнын, оның адамзаттық мұрасын жоғары бағалап, Абайдың даналығына, әділеттілікке үндеген ойларына тағзым етті. Іс-шара барысында Абайдың «Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен» атты өлеңі оқылып, халыққа кеңінен танымал «Көзімнің қарасы» әні орындалды.
Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани жаңғыруының негізін қалаған тұлға. Оның шығармалары тек поэзия ғана емес, ұлттың ой-толғауы, болмысын танытатын көркем шежіре. Абай көтерген мәселелер — адам тәрбиесі, ғылым мен білім, еңбекке баулу, ел болашағына бейжай қарамау — бүгін де өзекті.
Ақынның 180 жылдық мерейтойына орай Қызылорда облысында түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Ауылдық округтер мен қалаларда танымдық байқаулар, мәнерлеп оқу сайыстары, шығармашылық кештер мен интелектуалды турнирлер өткізілді. Бұл бастамалар Абайдың өмір жолын тереңірек тануға, жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталды.
Абай мұрасын насихаттау – бұл ұрпақты адамгершілікке, ұлтқа деген сүйіспеншілікке, биік парасатқа баулудың жолы. Қызылорда жастарының ұлы ойшылдың рухына бас иіп, гүл шоқтарын қою арқылы білдірген құрметі — елдік сананың қалыптасып келе жатқанын аңғартатын маңызды белгі. Бұл – ұлттың өткеніне тағзым, болашағына сенім.

