Салауатты өмір салты – Сыр жұртының басты бағдары

Салауатты өмір салты – Сыр жұртының басты бағдары

Сыр өңірінде Спорт күніне арналған салтанатты шара «Өнер орталығында» жоғары деңгейде өтті. Мерекелік жиынға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Ергешбаев, сондай-ақ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин мен олимпиада чемпиондары, әлемдік аренаның жұлдыздары, облыстың зиялы қауым өкілдері мен спорт ардагерлері қатысты.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, өңір спортының дамуына бағытталған бастамаларды атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде бұқаралық спортқа кең қолдау көрсетіліп, жаңа спорттық инфрақұрылымдар бой көтеріп келеді. Аймақ халқының 40 пайызы, яғни 340 мыңнан астам тұрғын спортпен тұрақты түрде айналысады. Бұл көрсеткіш – облыстың салауатты қоғам қалыптастырудағы нақты жетістіктерінің дәлелі.

Соңғы үш жылда өңірде 20 жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы 6 кешен ел игілігіне табысталмақ. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында көпбейінді «Qyzylorda Arena» кешені мен 11 мың орындық жаңа стадионның құрылысы жүріп жатыр. Мұндай жобалар спортшыларға сапалы дайындық базасын ұсынумен қатар, тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға серпін бермек.

Мерекелік шарада бұқаралық спорттың дамуына, салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосқан сала мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Концерттік бағдарлама аясында Бағлан Әбдірайымов ән шырқап, үрмелі аспаптар оркестрі халық әндерін орындады.

Айта кету керек, Сыр өңірінің спортшылары биылғы жылдың 8 айында халықаралық жарыстардан 36 алтын, 22 күміс, 42 қола медаль еншіледі. Ал Қазақстан біріншіліктерінде 118 алтын, 103 күміс және 151 қола медальға ие болды. Бұл – аймақ спортшыларының жоғары дайындық деңгейінің, бапкерлер мен спорт ұйымдарының жүйелі жұмысының нәтижесі. Сыр спорты алдағы уақытта да биіктен көрінетініне сенім мол.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...