Қаратау ауданында еңбек нарығы мен әлеуметтік міндеттемелер талқыланды

Қаратау ауданында еңбек нарығы мен әлеуметтік міндеттемелер талқыланды

Шымкент қаласында еңбек нарығын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бір көрінісі ретінде Қаратау ауданында жаңа жұмыс орындарын құру, міндетті әлеуметтік сақтандыру және салық төлемдері мәселелеріне арналған жиын өтті. Басқосуға қала әкімдігінің Еңбек мобильді орталығы, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қалалық филиалы, Қаратау ауданы мемлекеттік кірістер басқармасы және жұмыс беруші кәсіпкерлер қатысты.

Жиын барысында еңбек мобильді орталығы өкілдері аудандағы жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін қолға алынған шараларға тоқталды. Әсіресе өндіріс, құрылыс және қызмет көрсету салаларында ашылып жатқан жаңа жұмыс орындарының маңыздылығы ерекше аталды. Бұл тек тұрғындарды еңбекке тартумен шектелмей, әлеуметтік осал топтарды қолдауға да ықпал ететіні айтылды. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға кеңінен шақырылды.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары сақтандыру жүйесінің мүмкіндіктерін түсіндірді. Олар жұмыс берушілерге жарналарды уақытылы төлеудің маңыздылығын атап өтіп, бұл қадам халықтың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыратынын жеткізді. Сақтандыру жүйесінің ашықтығы мен әділдігі тұрғындардың денсаулық саласына сенімін нығайтып отырғаны да айтылды.

Қаратау ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері кәсіпкерлерге салық төлеудің заманауи тәсілдері мен цифрлық форматтағы есеп тапсырудың тиімділігін түсіндірді. Салық мәдениетін қалыптастыру көлеңкелі экономиканы азайтуға, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілерінің тұрақты дамуына жол ашатынына баса назар аударылды.

Жиынға қатысқан кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Әсіресе «Электронды еңбек биржасы» жүйесіне қатысты мәселелер кеңінен талқыланды. Бұл жүйе жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерді тікелей байланыстырып, еңбек нарығында ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндігі түсіндірілді.

Кездесу қорытындысында мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер ынтымақтастықты нығайтып, тұрғындарды жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және салық тәртібін жетілдіру – қала дамуы үшін маңызды екені атап өтілді. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің тиімділігі және салық төлемдерінің уақытылы орындалуы еңбек нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Қаратау ауданындағы бұл басқосу еңбек нарығын дамытудағы мемлекеттік саясаттың нақты іске асып жатқанын көрсетті. Жергілікті билік пен кәсіпкерлердің бірлесе әрекет етуі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, еңбек қауіпсіздігін сақтауға және жаңа мүмкіндіктер жасауға жол ашатыны сөзсіз.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2026 жылғы қаңтар айында көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылармен 875,2 мың отбасы жалпы сомасы 56,5...

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...