Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында Николай Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханада сала қызметкерлеріне арналған түсіндіру кездесуі өтті, деп хабарлайды No-comment.kz – Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова, облыстық, қалалық және аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйелерінің басшылары, әдіскерлер мен кітапханашылар қатысты.
Жиында «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын іске асыру, кітап оқуды насихаттау, кітапханалардың мәртебесін көтеру, саланы цифрландыру және кітапхана жұмысына жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері қаралды.
«Кітапты насихаттауда жасанды интеллектіні қолдану» атты облыстық байқаудың қорытындысы шығарылды. Байқауға облыстың 12 қаласы мен ауданынан 42 өтінім келіп түскен. Іріктеу нәтижесінде 33 автордың жұмысы бағаланып, жеңімпаздар марапатталды.
Кездесуде сала мамандары кәсіби тәжірибелерін ортаға салып, кітапханалардың жұмысын заман талабына сай жетілдіру, қызмет аясын кеңейту және қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырудағы маңызын арттыру жөнінде пікір алмасты.


