Алматыда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ғылыми негіздері талқыланды. Енгізіліп жатқан өзгерістерді түсіндіруге арналған дөңгелек үстел ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясында өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жаһандық сын-қатерлер мен ішкі трансформациялар жағдайында конституциялық өзгерістерді жан-жақты ғылыми-сараптамалық тұрғыда талқылау болды, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясына сілтеме жасап.
Кездесу барысында қатысушылар жаңа Негізгі заңның жобасын қарастырып, ғылым мен білімнің ел дамуына ықпалын, сондай-ақ ұсынылып отырған конституциялық реформалардың әлеуметтік салаға, қауіпсіздік мәселелеріне және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге әсерін талқылады.
Қатысушылар жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдіріп, оның өзектілігі мен ел дамуының заманауи талаптарына сай келетінін атап өтті. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттің құқықтық негіздерін нығайтуға, басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына берілетін кепілдіктерді кеңейтуге бағытталғаны айтылды.
Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, азаматтық қоғам мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев ғылыми қауымдастықтың конституциялық реформаға қатысуын азаматтық жауапкершілік ретінде қабылдайтынын атап өтті.
– Біз, Қазақстан Республикасының академиктері, елдің болашағы үшін жауапкершілікті терең сезінеміз және мемлекеттің тағдыры шешілетін кезеңде өз ұстанымымызды ашық білдіруді парызымыз деп санаймыз. Ғылым – ақыл-ойдың алаңы, ал Конституция – ұлттың болашағын айқындайтын дамудың іргетасы, – деді ол.
Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасында ғылымға, білімге, мәдениет пен инновацияларға орталық орын берілген. Адами капиталды мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде бекіту, ал білім мен зияткерлік әлеуетті елдің ұзақ мерзімді дамуының негізі ретінде тану ұсынылады.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым қауіпсіздік пен азаматтардың құқықтарына қатысты бөлімдерге назар аударды.
– Біз күрделі геосаяси кезеңде өмір сүріп отырмыз, сондықтан Конституцияның едәуір бөлігі жаһандық қауіпсіздік пен шекаралардың мызғымастығы мәселелеріне арналған. Ең маңызды өзгерістердің бірі азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты. Конституциялық деңгейде өлім жазасына тыйым салу бекітіледі, қоғам мен отбасының жауапкершілігі күшейтіледі, – деді ол.
Депутат сондай-ақ құжатта алғаш рет балалардың ата-анасының болашағы үшін жауапкершілігі мәселесі көтерілгенін атап өтіп, реформалардың іске асуы ғылымға инвестиция көлемінің артуына ықпал ететінін айтты.
ҰҒА академигі Диляра Қайдарова ұсынылып отырған өзгерістердің әлеуметтік бағыттылығын атап өтті.
– Жаңа Конституцияда әлеуметтік салаға – ғылымға, білімге, медицинаға үлкен көңіл бөлінген. Академиялық қауымдастық үшін бұл өте маңызды, себебі технологиялар мен зерттеулерді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашылады, – деді ол.
Оның айтуынша, құжат азаматтардың білім алуға және медициналық көмекке құқығын бекітеді, сондай-ақ адам құқықтарын қорғауға және өмір сапасын арттыруға бағытталған.
ҚР ҰҒА академигі, акушер-гинеколог, ғалым Вячеслав Локшин Конституция жобасын тек саяси-құқықтық құжат ретінде ғана емес, стратегиялық даму бағдарламасы ретінде қарастыруға шақырды.
– Жаңа жоба қоғамның кемелденгенін көрсетеді, адам құқықтарының қорғалуын күшейтеді және ғылым, медицина, білім мен мәдениетті дамыту үшін орнықты құқықтық негіз қалыптастырады. Ғылым мемлекеттің тұрақты дамуының іргетасы ретінде, ал ғалымдар елдің стратегиялық ресурсы ретінде қарастырылады, – деді ол.
Спикер соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру едәуір артқанын, ал оның рөлін конституциялық деңгейде бекіту зерттеулер мен инновацияларды енгізу үшін ұзақ мерзімді жағдай жасайтынын атап өтті.
– Конституцияда бекітілген ғылыми және шығармашылық ізденіс еркіндігі – абстрактілі декларация емес, нақты даму тетігі. Бүгінгі таңда медицинаның қолжетімділігі технологиялар мен ғылыми әзірлемелердің деңгейіне байланысты. Азаматтардың ел ішінде сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасауымыз қажет, – деп толықтырды Вячеслав Локшин.
Дөңгелек үстелге қатысушылар ұсынылған өзгерістерді қолдап, жаңа Конституция жобасы Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағдарларын қалыптастыратынына, құқықтық жүйені күшейтетініне және білім, ғылым мен инновациялардың басымдығын айқындайтынына ортақ пікір білдірді.
Іс-шара соңында ғылыми қауымдастық өкілдері азаматтарды ұсынылып отырған өзгерістерді мұқият зерделеуге және қоғамдық талқылауға белсенді қатысуға шақырды.

