Шымкент қаласындағы Достық үйінде «Ауқымды Масленица – 2026» мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды. Дәстүрлі славян мейрамы қала тұрғындары мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінің басын қосқан тағылымды шараға ұласты.
Іс-шараға «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Тоқтар Әмірқұлов, «Шымкент қалалық славян этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Романова, сондай-ақ қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы 16 этномәдени бірлестіктің жетекшілері мен мүшелері және қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік жиында сөз сөйлеген Тоқтар Әмірқұлов жиналған қауымды Масленица мейрамымен құттықтап, бұл мерекенің татулық пен бірліктің, өзара кешірім мен жаңарудың символы екенін атап өтті. Сонымен қатар, Конституция еліміздегі барлық этнос өкілдерінің тең құқығы мен бостандығының кепілі екенін айтып, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың басты тірегі – заң үстемдігі екенін жеткізді.
– Біздің басты құндылығымыз – бірлік пен өзара құрмет. Конституция осы құндылықтарды бекітіп, әр азаматтың құқығын қорғайды. Сондықтан мұндай мәдени іс-шаралар қоғамдық келісімді нығайта түседі, – деді ол.
Мерекелік бағдарлама аясында қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы, славян этномәдени бірлестігі және қалалық орыс драма театрының ұйытқы болуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Қаланың үздік солистері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, театр әртістерінің қатысуымен шағын қойылымдар сахналанды. Сонымен қатар қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі, кулинариялық өнімдердің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Масленица – қыстың аяқталып, көктемнің келуін білдіретін славян халықтарының дәстүрлі мерекесі. Мейрам аясында адамдар өкпе-реніштерін ұмытып, татуласып, күннің символы саналатын құймақ пісіріп, ән айтып, би билеп, түрлі ұлттық ойындар өткізеді.
Мерекелік шара қаладағы этносаралық келісімді нығайтып, мәдени әртүрлілікті дәріптеуге бағытталған маңызды алаңға айналды.
Шымкентте «Масленица – 2026» мерекесі аталып өтті

