Жоба Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарының ауыл шаруашылығы өндірушілеріне бағытталған. Қазіргі уақытта агроқұрылымдардан өтінімдерді іріктеу жүргізіліп жатыр. Іріктеу кезінде шаруашылықтардың ауыспалы егісті сақтауға дайындығы, қажетті ауыл шаруашылығы техникасының және штаттық агрономның болуы ескеріледі, себебі бағдарламаға қатысу экологиялық агротехнологияларды міндетті түрде енгізуді және ғалымдардың ұсынымдарын сақтауды көздейді.
Қаржылық қолдау қызыл жасымықтың тоннасына 90 мың теңге есебінен егіс жұмыстарына аванс беруді көздейді. Тетік сұранысқа ие дақылдардың егістерін кеңейтуге ғана емес, сонымен қатар агробизнестің тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
БҰҰДБ сарапшыларының бағалауы бойынша, еліміздің солтүстік өңірлерінде монодақылға (бидайға) жоғары тәуелділік сақталуда, оның үлесі егіс алқаптарының 75-87%-на жетеді. Бұл ретте, әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында дәнді-бұршақты дақылдарды өсіру әлеуеті елеулі болып қала береді.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Самат Теңбаев атап өткендей, сала дәнді-бұршақты және майлы дақылдарды қоса алғанда, анағұрлым маржиналды дақылдарды өсіруге жоғары қызығушылық танытып отыр, бұл айтарлықтай нәтиже береді.
Соңғы бес жылда дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алқаптары төрт еседен астам ұлғайып, 781 мың гектарға жетті.
2025 жылы қазақстандық аграршылар дәнді-бұршақты дақылдардың рекордтық өнімін жинады – 1 млн тоннаға жуық, бұл ретте жасымық жалпы өнім көлемінен шамамен 78% құрайды. Жалпы бұршақ дақылдарын жинаудың өсуі экспорт мүмкіндіктерін кеңейтті. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, кептірілген бұршақ дақылдарын шетелге жеткізу 570 мың тоннадан асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есеге жуық өсті.
Бидаймен салыстырғанда жоғары сыртқы сұраныс пен тартымды құндылық жасымықты фермерлер үшін ең перспективалы етеді.
«Бүгінде агроөнеркәсіп кешенінің алдында өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, ауыл шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз ету міндеті тұр. Дақылдарды әртараптандыруды қолдау және заманауи агротехнологияларды енгізу фермерлерге тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсілмен сала нарықтық және басқа да тәуекелдерге аз тәуелді болады», – деп атап өтті Азық-түлік келісімшарт корпорациясының өкілі.
Ұзақ мерзімді форвардтық қаржыландыру арқылы фермерлер кепілдендірілген өткізу нарығын және айналым қаражаттарына қол жеткізуді алады. Сонымен қатар БҰҰДБ жобасы шеңберінде қазақстандық және халықаралық сарапшылардың қолдауымен қажетті агротехникалық талаптарды сақтай отырып, топырақ құнарлылығын қалпына келтіру бойынша жұмыс істейтін болады.
«Бұл тетік қаржы құралдарының неғұрлым орнықты және әртараптандырылған агрожүйелерге көшуді ынталандырудың практикалық мысалы болып табылады, сонымен бірге фермерлердің кірістілігін арттырып, сектор үшін тәуекелдерді азайтады», – деп қосты БҰҰДБ Қазақстандағы Тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов.

