«Ұлан» көлік-логистикалық кешені Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінің маңында, республикалық Алматы-Өскемен тасжолы мен теміржол желісінің түйіскен тұсында бой көтереді. Оның мұндай тиімді жерде орналасуы жүк қабылдау, сақтау және жөнелту процестерін оңтайлы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Аумағы 18 гектардан асатын кешен құрамына контейнерлік терминал, «A» және «A+» санатындағы заманауи қоймалар, теміржол мен кеден инфрақұрылымы, жүктерді сақтау алаңдары кіреді. Жобаның жылдық қуаттылығы шамамен 895 мың тонна жүкті құрайды. Ал контейнерлік терминал жыл сайын 32 мыңнан астам контейнерді өңдей алады.
Жоба агроөнеркәсіп саласын дамыту үшін де айрықша маңызға ие. Кешен аумағында 25 мың тонна астық пен 10 мың тонна майлы дақылдарды сақтауға арналған қуат көздері қарастырылған. Бұл ең әуелі Шығыс Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтіп, Орталық Азия елдері және Қытаймен сауда байланыстарын нығайтуға жол ашады.
Сонымен қатар «Ұлан» көлік-логистикалық кешені Өскемен маңында салынатын болашақ жылу электр орталығының негізгі логистикалық алаңына айналмақ. Мұнда құрылысқа қажетті жабдықтар мен материалдар қабылданып, өңделіп, сақталады.
Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде теміржол инфрақұрылымы, контейнерлік терминал және кеден аймағы салынады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары биыл басталып, бірінші кезеңді келесі жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.

