Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ірі өнеркәсіп орындарының жұмысы және құрылыс саласының дамуы барысымен танысу үшін Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
"Қазмырыш" ЖШС нысандарында өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған барлық шараларды қабылдау қажет», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
"Қазмырыш" ЖШС басшылығы министрді тұрақты қызметті қамтамасыз ету және жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Алдағы жылдарға арналған даму жоспарлары және шикізат базасын кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды. Алтынтау-Көкшетау жобаларына, Обручев және Жаңа-Лениногор кен орындарын дамытуға ерекше назар аударылды.
Үлбі металлургия зауытында Ерсайын Нағаспаев уран, бериллий, тантал және ниобий диоксидінен отын таблеткаларын өндіру ісімен және перспективалық жоспарлармен танысты. Зауытта кен концентратын өңдеуден бастап атом, аэроғарыш, электроника және металлургия өнеркәсібінде қолданылатын дайын өнімді шығаруға дейінгі толық цикл жолға қойылған.
Өскемен арматура зауытының алаңында министрге жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді, сондай-ақ өнімді өткізу көлемін ұлғайту мәселелері талқыланды. Кәсіпорын мұнай мен газды тасымалдауда қолданылатын мұнай-газ құбырларына арналған бекіту арматурасын өндіретін ТМД-дағы ірі зауыттардың бірі саналады. Өткен жылы зауыт жаңа тапсырыс берушілермен ынтымақтастық орнатты, олардың ішінде "ҚазТрансОйл" АҚ, "Бейнеу-Шымкент газ құбыры" ЖШС, "Атырау МӨЗ" ЖШС, тағы басқалар бар.
Ерсайын Нағаспаев сонымен қатар әлемдегі жетекші титан өндірушілердің бірі – Өскемен титан-магний комбинатына барды. Бүгінде қазақстандық титанның әлемдік нарықтағы үлесі шамамен 11%-ды құрайды.
Бизнес қауымдастықпен кездесу барысында Ерсайын Нағаспаев Үкіметтің отандық бизнесті қолдау мақсатында локализациялау деңгейін көтеру, өндіріс пен экспорттық әлеуетті арттыру бойынша қабылдап жатқан шараларына назар аударды.
Сондай-ақ жұмыс сапары аясында министр Өскемен қаласының сол жағалау бөлігіндегі құрылыс жұмыстарымен де танысты. Бұл аумақта 80-ге жуық көпқабатты тұрғын үй мен жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Олардың қатарында мың орындық екі мектеп, төрт балабақша, медициналық мекемелер желісі, Оқушылар сарайы, спорт нысандары және басқа да әлеуметтік инфрақұрылымдар бар. Ескек есу каналын абаттандыру және инженерлік инфрақұрылым құрылысы жұмыстары тексерілді. Мұнда қала тұрғындары мен туристердің жақсы демалуы үшін барлық жағдайлар жасалуда.
Ерсайын Нағаспаев сапар қорытындысы бойынша өңірдегі құрылыс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы аяқтау және өнеркәсіптік жобаларды іске асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

