Ualikhanov University-дің Data Science білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері Мовсар Бузуртанов пен Даниял Нұрланов егістік алқаптарының жай-күйін бағалауға және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін болжауға арналған Sator жасанды интеллект платформасын әзірледі, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Студенттердің жобасы NU-да өткен National Founder Cup Astana 2026 стартаптар байқауында бірінші орын иеленді. 16 команда бақ сынаған байқауда Sator жобасы практикалық маңыздылығы және агроөнеркәсіп кешенінде заманауи цифрлық технологияларды қолдануға бағытталған инновациялық шешімі үшін қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Жобаның қалыптасуы AI-SANA бағдарламасымен тікелей байланысты. 2026 жылғы мамырда студенттер университетте аталған бағдарлама аясында ұйымдастырылған жасанды интеллект жобалары байқауына AgroMind жобасымен қатысып, жеңімпаз атанды. Нәтижесінде жас әзірлеушілер жобаны дамытуға 1,5 млн теңге көлемінде сыйақы алды. Кейіннен олар технологиялық шешімді жетілдіріп, Sator атауымен дамытуды жалғастырды.
Sator платформасы спутниктік мониторинг деректерін, метеорологиялық көрсеткіштерді, топырақ сипаттамаларын және егін өнімділігі жөніндегі тарихи статистикалық мәліметтерді біріктіреді. Жасанды интеллект алгоритмдері осы деректерді кешенді талдау арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Бұл агроөндірушілерге өндірістік үдерістерді тиімді жоспарлауға, ықтимал тәуекелдерді бағалауға және нақты деректерге негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға көмектеседі.
Аталған әзірлеменің еліміздің агроөнеркәсіп кешені үшін практикалық маңызы зор. Ауыл шаруашылығына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу өндіріс тиімділігін арттыруға, жер ресурстарын ұтымды пайдалануға және өнімділікті болжау тәсілдерін жетілдіруге ықпал етеді. Әсіресе аграрлық әлеуеті жоғары Ақмола облысы сияқты өңірлерде мұндай шешімдерді қолданудың мүмкіндіктері кең. Осы тұрғыдан алғанда, Sator жобасы отандық аграрлық секторды цифрландыруға бағытталған перспективалы технологиялық бастамалардың бірі саналады.
Қазіргі уақытта студенттер платформаны 178 егістік алқабының деректері негізінде сынақтан өткізді. Сонымен қатар әзірлеушілер технологияны жетілдіру және оны ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізу мүмкіндіктерін пысықтау мақсатында еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы компанияларымен келіссөздер жүргізіп жатыр.
Жобаны дамытудың келесі кезеңінде платформаны нақты өндірістік жағдайда сынақтан өткізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, 2027 жылы студенттер ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен бірлесіп, өнімділікті болжау дәлдігін бағалауды, машиналық оқыту алгоритмдерін жетілдіруді және платформаны нарыққа шығаруға дайындауды жоспарлап отыр.


